Теміртауда заңсыз ағаш кесудің зардаптары түсіндірілді

Просмотров: 18

Ағаш – қаланың көркі ғана емес, ол ауа тазалығының да кепілі. Әсіресе, Теміртау тәрізді өндірісті қала үшін жасыл желектің көп болғаны қажет-ақ. Бірақ, өкінішке қарай, ағашты орынсыз отап, экологияға орны толмас зардап тигізетіндер де бар ортамызда. Мұның зардабы қаншалықты ауыр екенін қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары түсіндіріп берді.

Елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың үлгілік қағидаларына сүйенсек, аса бір қажеттілік туындаған жағдайда ағаштарды кесуге рұқсат беріледі екен. Мәселен, кәсіпкер жер телімін алып, ғимарат соғарда Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандарына өтінім береді. Кейін мамандар ол жерді тексеріп, рұқсат беру немесе бермеу туралы шешім шығарады. Бірақ, рұқсат берген күннің өзінде кәсіпкер ол ағаштардың өтеуіне басқа ағаш отырғызуға міндетті. Бұл ретте қазақтың «Бір тал кессең он тал ек» деген мәтеліне сай келеді заңның талабы. Яғни, кесілген 1 ағаштың орнына 10 ағаш егілуі тиіс.
– Кәсіпкер кесілген ағаштардың өтеуіне дәл сол түрдегі ағаш отырғызады. Орынды біз таңдаймыз. Кейін бұл ағаштарды күтіп-баптап, өсуін қадағалайды. Ағаш отырғызылған орынға әбден жерсініп, бүршік жарған соң ғана біз оны балансқа аламыз. Әрі қарай біздің күтімде болады. Мәселен, Ескі қалаға 70 тал ағаш отырғызылған болатын. Оның 30-ы солып қалды. Енді кәсіпкер сол ағаштарды қайта егіп, күтуі тиіс, – дейді ТКШБ әдіскері.
Осы орайда, айта кету керек, биыл жыл басынан бері жасыл желекті рұқсатсыз кескен 3 оқиға тіркеліпті. Ағашты орынсыз отап тастаған азаматтардың үстінен полицияға арыз жазылып, іс қозғалған.

Енді олар мемлекетке айыппұл төлейді. Мұнымен ғана құтылып кетпей, кесілген 1 ағаштың орнына 70 ағаш отырғызуға міндеттеледі.
– Кез келген жасыл желек бізді оттегімен қамтамасыз етіп, қаланың ауасын жаңартып тұрады. Оны кесудің экологияға тигізетін салдары көп. Сондықтан, бұл ретте заң қатал. Ағашты түбірімен кесіп тастау былай тұрсын, бұтағын кесу қажет болса да арнайы рұқсат қажет. Мәселен, апатты ағаштар болса, тұрғын үйді басқарушы компания өтінім береді. Егер оның шынымен де апатты жағдай екені дәлелденсе ғана кесуге рұқсат беріледі. Қала көшелерін былай қойғанда, жеке тұрғын үй секторларында орналасқан ағаштарды да отауға тыйым салынады, – дейді мамандар.
Ағаш кесуге рұқсат алған кәсіпкер сол қағазы бойынша жасыл желекті күтіп-баптауға маманданған кәсіпорынмен келісім шартқа отыруы тиіс. Қалада мұндай қызметті «Кедр» ЖШС атқарады.
– Бізге кәсіпкер тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің рұқсатнама қағазын алып келіп, келісім шартқа отырады. Әрі қарай ағашты отырғызу және күту ісімен біздің компания айналысады. Кейде жердің тастақ болуына, малдың жайылымына жақын орналасуына байланысты ағаш жерсіңбеуі мүмкін. Ондай кездерде, солып қалған ағаштардың орнына басқа желек отырғызамыз, – дейді «Кедр» ЖШС өкілі.
Айта кету керек, биыл қала бойынша 17 ағашты кесуге өтінім берілген екен. Қазіргі таңда мамандар оның қаншалықты орынды екенін анықтауда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған