Теміртауда жылдар бойы жиналып қалған қоқыс тазартылуда

Просмотров: 13

Теміртауда 29 тамыздан бастап тұрғын үй емес аумақтар мен қаланың шеткері бөліктерінде қалыптасқан «тарихи» қоқыстар белсенді түрде тазартылуда. Рұқсат етілмеген полигондарда жиналған қараусыз қалдықтар сот шешімімен коммуналдық меншікке берілді. Оларды жоюға арналған бюджет шығындары облыстық мәслихат депутаттарымен келісіліп, Қарағанды облысының табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарына енгізілді.

Теміртау әкімі Ораз Таурбеков әлеуметтік желідегі парақшасында: «Аманжолов және Подгорная көшелерінің бойында орналасқан ірі «тарихи» ластану орындарын жою қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға оң әсерін тигізеді. Бірінші кезеңде ондаған жылдар бойы жиналған 70 мың тоннадан астам қоқыс шығару жоспарлануда. Жұмыстар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылып, толық аяқталғанға дейін жалғасатын болады», – деп бөлісті.

2 қыркүйекке дейін Теміртау қаласының шеткері аймақтарынан 1800 текше метрден астам қоқыс шығарылды. Қоқысты жинаумен қатар, «Ботақара 2030» ЖШС мердігері алаңды тегістеу, рекультивация және қоршаған ортаны жақсарту мен жерлердің өнімділігін қалпына келтіру бойынша басқа да іс-шараларды орындауда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған