Әуелбекова жеке концертін мемлекет қаражатына өткізген

Мөлдір Әуелбекова 2018 жылды он бес жылдық есеп беру кешімен аяқтады. Желтоқсан айында Астана қаласында өткен ән кешіне Мөлдір небәрі 20 күн дайындалған. Себебі аяқ астынан мемлекет тарапынан ұсыныс түскен. Ал бұл күнді 15 жыл армандаған әнші бас тарта алмаған.

Бұл туралы Мөлдір мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз орталығында өткен брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды Stan.kz.

Журналистердің бірі әншілерге: “Неліктен әртістер әр сөзінде министрлікке алғыс айтады? Мәселен, шетелдік Джастин Тимберлейктің аузынан мұндай сөзді естімейсің. Сіздер бұған қалай келдіңіздер?” – деп сауал жолдады. Оған Әуелбекова:

“Сахнада жүргеніме 15 жыл болды. Қаражат жағынан концерт беруге мүмкіндігім болмады. Сол себепті мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен концерт болғандықтан мен әрине, алғысымды айтамын. Бұл менің 15 жылғы арманым болғандықтан, арманымды орындап беріп отырған орталық – министрлік болғандықтан, алғыс айтып жатырмыз.

Менімен Әли (ред. Оқапов) де қосылады деп ойлаймын. Осындай мүмкіндікті ала алмай жүрген әртістердің бірі. Біз шетелдік әртістер сияқты көп табыс таппаймыз. Кейде жеке концерт беруге мүмкіндігіміз бола бермейді. Көп адамдар өнер адамдары шалқып өмір сүреді деп ойлайды. Кімнің артында қанша қарыз, кредит, қанша проблема бар екенін ешкім білмейді. Дегенмен де шүкір, көптеген мүмкіндіктер бар. Бұның барлығы министрліктің арқасында болып жатыр”, – деп түсіндірді Мөлдір Әуелбекова.

Әріптесінің сөзімен Әли Оқапов та келісетінін айтты.

Айта кетейік, Мөлдірдің аталған ән кеші толықтай жанды дауыста өткен болатын. Әншінің концертіне билеттер 500 теңгеден сатылған. Әнші шығармашылық кешінде халықпен сырласып, жеке өміріне қатысты әнді шырқаған кезде жылап қалды.

Сондай-ақ, Мөлдір бұған дейін экс-продюсерлері Баян және Бағым Мақсатқызын ән кешіне шақырғанын, ал олардың не себепті келмегенінтүсіндірген еді.

Advertisment ad adsense adlogger