Ғылым мен білім – жаңа Конституцияның басым бағыттары

Просмотров: 5

Елдің талқылауына ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер прогрестің басты қозғаушы күші – адами капитал, білім мен инновация болып табылатын мемлекетті жаңғыртудың жаңа кезеңін білдіреді.

Қарқынды өзгерістер жағдайында тап осы ғылыми әлеует пен білімнің сапасы еліміздің бәсекеге қабілеттілігін, оның технологиялық тәуелсіздігі мен дамуының тұрақтылығын айқындайды. Жаңа Конституцияда білім, ғылым, мәдениет және инновация ел дамуының өзекті бағыттары болып белгіленген. Мұның өзі Қазақстанның болашағы табиғи ресурстарға емес, адами капиталдың сапасы мен азаматтардың жетістігіне тәуелді екенін көрсетеді.

Бүгінгі таңда біздің алдымызда тұрған міндет – уақыттың жаңа талаптарына тек қана бейімделу емес, ғылыми жетістіктер саласы мен цифрлық дәуірге сай жоғары білікті мамандар әзірлеу. Бұл университеттік оқытудың сапасын арттырып қана қоймай, жоғары оқу орындарының мемлекеттің ғылыми, технологиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін де күшейтеді.

  1. Білім берудің конституциялық мәртебесі

Конституция жобасы азаматтардың білім алу, соның ішінде жоғары білім алу құқығын белгілейді. 33.1–33.2 баптарда бастауыш, орта және жоғары білім алуға мемлекет кепілдік беретіні, ал жоғары білімнің конкурстық негізде қолжетімді екені көрсетілген. Бұл Қазақстан Республикасының әрбір азаматының жоғары білім алуға конституциялық бекітілген құқығы барын айқындап, жеке тұлғаның дамуы үшін тең мүмкіндіктер мен әлеуметтік әділдікті нығайтады.

Негізгі заң аясында білім берудің мұндай мәртебесі оны қоғам дамуының мемлекеттік негіздерінің біріне айналдырады.

Қазіргі таңда Теміртау сияқты қуатты кен-металлургия саласы дамыған индустриалды қалада білім берудің тұтастай жүйесі қалыптасқан: мектепке дейінгі және бастауыш білім, техникалық және кәсіптік білім, жоғары оқу орнына дейінгі және одан кейінгі магистратура мен докторантура жұмыс істейді. Өз диссертациялық кеңестері бар. Теміртау тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының облыстық бөлімшесі ашылды.

Бұдан бөлек, университет күміс жастағы қала тұрғындары үшін цифрлық дағдыларын дамыту мен қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған мамандандырылған курстар ұйымдастырып отыр. Мұндай сабақтастық тұрақты білім беру экожүйесін қалыптастырып, әрбір жас адамның өз қаласынан жырақтамай-ақ білім алудың барлық сатысынан өтуіне мүмкіндік береді.

  1. Университеттер – ғылым мен инновация орталығы

Конституция жобасының 3-бабында мемлекет өз қызметінің стратегиялық бағыты ретінде адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамытуды мойындайтыны жазылған. Бұл университеттердің міндеті тек білім беру ғана емес, сонымен бірге ғылыми зерттеулер мен технологиялық прогресс алаңына айналу екенін білдіреді.

Бүгінде университет іргелі және қолданбалы зерттеулерді біріктіретін оннан аса жобаны жүзеге асыруда. Жыл сайын халықаралық рецензияланатын WoS & Scopus базаларындағы жарияланымдар саны артып келеді. Жас ғалымдарды тарту нәтижесінде дәйексөз көрсеткіші өсуде. Университет патенттер мен авторлық куәліктер алып отыр.

  1. Жоғары оқудың экономикамен интеграциялануы

Ата заңның жаңа жобасында экономикамен байланыстар тікелей аталғанымен, жоғары білімнің экономикамен ықпалдасуы 3-баптағы стратегиялық қағидалардан туындайды. Адами капитал, ғылым мен инновация басымдығы – экономиканың сапалы өсуінің негізі.

  1. Жоғары білімнің цифрлық өзгеруі

Цифрлық экономика жағдайында жоғары білім беру жүйесінің құзыреті цифрлық технологиялармен тығыз байланысты. Конституцияның 21-бабында жеке мәліметтердің қорғалуына, ақпараттың қол сұғылмауына және цифрлық коммуникация қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. Бұл университеттердің цифрлық инфрақұрылымының қауіпсіз әрі тиімді дамуына мүмкіндік жасайды.

Қазақстан цифрлық дамудың нормативтік негіздерін, соның ішінде Цифрлық кодекс пен жасанды интеллект туралы заң жобасын белсенді қалыптастыруда. Бұл цифрлық технологияларды қауіпсіз әрі тиімді пайдаланудың құқықтық ережелерін айқындайды.

Осы үдеріске жауап ретінде университет елімізде алғашқылардың бірі болып жасанды интеллект технологиясы кафедрасын ашты. Жасанды интеллект бойынша заманауи білім беру бағдарламалары әзірленді. Бағдарламаларда іргелі теориямен қатар, озық технологиялармен жұмыс істеудің практикалық дағдылары қамтылған.

Студенттер нақты міндеттерді шешуге, цифрлық саясат пен технологиялық даму жағдайында жұмыс істеуге дайындалады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен кадр даярлау мүмкіндігі кеңейді.

AI SANA бағдарламасы аясында студенттер Coursera платформасында, HUAWEI академиясымен және халықаралық серіктестермен білім алуда. Оқытушыларға тренингтер өткізіліп, олардың көбі Astana Hub арқылы жасанды интеллект бағытында қайта даярлықтан өтті. Университетте алты жасанды интеллект агенті әзірленді. Студенттер хакатондар мен зерттеу жобаларына қатысып, бірегей тәжірибе жинақтауда.

  1. Ақыл-ой меншігін қорғау және инновацияларды ынталандыру

Жаңа Конституция білім беру ортасына тікелей қатысты ақыл-ой меншігін қорғауды белгілейді. Ақыл-ой меншігі құқығы университет базасындағы стартаптардың, ғылыми қауымдастықтардың және технологиялық инкубаторлардың дамуына жол ашады.

Қарағанды индустриалдық университетінде студенттердің «Жүзім сығындысын пайдалана отырып косметикалық бальзам әзірлеу», «Өсімдік шикізатынан шаш бекітетін құрал жасау», «Бейне ойындар стартапын құру», «Фитоқосындылары бар сабын өндіру» сияқты жобалары жүйелі түрде қолдау табуда.

  1. Жоғары білімнің адам капиталын нығайтудағы рөлі

Конституция жобасы адами капиталды ұлттық басымдықтардың қатарына жатқызады. Теміртау Tech–TTTU университеті білім беруде де, экономикада да өсу нүктесіне айналып келеді. Біз тек түлектер даярламаймыз, металлургияны, машина жасауды, құрылыс саласын, IT мен энергетиканы алға сүйрейтін мамандарды қалыптастырамыз.

Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы:
– 33-бап арқылы жоғары білім алу құқығын конституциялық деңгейде бекітеді;
– 3-бапта білім беруді стратегиялық бағыт ретінде айқындайды;
– 21-бап және өзге нормалар арқылы жеке және ақыл-ой меншігі құқықтарын қорғайды;
– 60-бап арқылы университеттердің экономикамен ықпалдасуына құқықтық негіз қалайды.

Жаңа Негізгі заң аясында жоғары білім Қазақстан дамуының басты тіректерінің біріне айналады. Ол ХХІ ғасырдағы әлеуметтік-экономикалық прогреске қажетті білімнің, инновацияның және адами капиталдың негізгі көзі болмақ.

Бақыт Жәутіков,
Қарағанды индустриалдық университетінің ректоры,
техника ғылымдарының докторы, профессор.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған