ҚЫЗҒА НЕГЕ «ТӨРГЕ ШЫҚ» ДЕЙМІЗ?

Ара-тұра ағайынның жақсылы-жаманды жиындарына барып тұратынымыз рас. Сондайда егер барған еліміз төркін болса «қызсың ғой, төрге шық» деп жатады. Үлкендер отырған соң, «осы жерде отыра берейін» десең, «немене төркінің байып кетеді дейсің ба?» – деп жеңгелер жағы әзіл-шыны аралас сөзбен шымшылап алатыны және бар.
Осыған байланысты мынадай аңыз-әңгіме ойға оралды.
Нұх пайғамбардың Хам, Сам, Жаппас деген үш ұлы және Уәсила деген қызы болыпты. Пайғамбар үнемі қызына құрмет көрсетіп, оған мүлде дауыс көтермейді екен. Қызы да әке қалауын қабағынан түсінетін сұңғыла болып өседі.
Нұх дастархан басында отырғанда үнемі қы­зын үш ұлынан жоғары, төрге отырғызады екен. Бұл үлкен ұлы Самның көңіліне күдік салыпты. «Уәсиланың жасы бізден кіші. Неге менен жоғары отыруы керек. Әкем бізді алалайды-ау», – деп ойлайды. Бір күні дастарханда отырғанда:
– Әке, Уәсила кіші болса да неге бізден жо­ғары отыруы керек. Ұлдың мәртебесі әр­қашан биік тұруы керек емес пе? – дейді. Сонда Нұх пайғамбар:
– Біздің ырзық-несібеміздің көп болуы Уәси­лаға байланысты. Құт қызды жағалап жүреді. Оны босағаға отырғызсаң шамданады, төрге шығарсаң қуанады. Орны жайлы болса дастарханнан ас үзілмейді, – депті.
Содан бастап Нұхтың үш ұлы қарындасын төрге шығарып, құрмет көрсететін болыпты. Үш ұлынан өрбіген ұрпақ бұл жоралғыны сақтап, берік ұстайды.
Қазақ арасында «Қызыңды төрге отырғыз, қызды босағаға отырғызба» деген талап-ырым­дар осыдан шыққан екен. Кейбір отаға­сылар әйелі қыз тапса қабақ шытып жатады. Ондайда ет жақын ағайындары «ырысың молаятын болды» – деп жұбатқанының талай куәсі болдық.
Сондықтан «қызы бардың – ырысы бар, ұлы бардың – тынысы бар» – деген тәмсілді алға тарта отырып, қыз балаға деген құрметіміз азаймасын дегіміз келеді.
 
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
Advertisment ad adsense adlogger