Заң жобасына енгізілген түзетулерге байланысты қазақ киносын қандай өзгерістер күтіп тұр?

Просмотров: 138

Мәдениет және спорт министрлігі қазақ киносын қолдау шараларын кеңейтуді көздеп отыр. Мысалы, енді қаржыландыруды тек ЖШС немесе қоғамдық қорлар ғана емес, жеке кәсіпкерлер де алатын болады. Түзетудің мақсаты – өз ісін жаңа бастаған режиссерлерді, дебюттік және фестивальдік жұмыстарды қолдау.


Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кинематография және мәдениет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер және толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстыру барысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, түзетулер кинематография саласының қарқынды дамуына негізделген.
«Ұлттық фильмдерді шығару кезінде сатып алынған сахналық-қойылымдық құралдарды сақтау және пайдалану мәселесін реттеу ұсынылады. Біз декорациялар, павильондар, сахналық жабдықтар туралы айтып отырмыз»,- деді министр.
Сондай-ақ, министрлік «Қазақфильмді» фильмдердің мемлекеттік қорын сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлға ретінде бекітуді ұсынады.
Сонымен қатар, түзетулер аясында шетелдік анимациялық фильмдер мен отбасылық фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға мемлекеттік қолдау қарастырылған, сондай-ақ түсірілім кезінде субсидия алуға үміткер халықаралық киностудиялар үшін талаптар жеңілдетіледі.
Депутаттардың сауалдарына жауап бере отырып, Дәурен Абаев елімізде фильмдер түсіру кезінде субсидия алуға үміткер халықаралық киностудиялар үшін талаптар жеңілдетілетінін атап өтті.
«Мәдениет туралы» Заңға өзгерістер енгізу шеңберінде ел ішінде және шетелде мемлекет есебінен өткізілетін мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда және қаржыландыруда жаңа қағидалар мен тәсілдер бекітіледі.
Сол сияқты министрлік тарихи-мәдени мұраны қорғау қызметін мемлекеттік қорық-музейлерге жүктеуді ұсынады.
Бүгінде елімізде 12 республикалық және 3 коммуналдық қорық-музей жұмыс істейді, олардың иелігінде 500-ден астам тарихи-мәдени мұра объектісі бар.
«Қолданыстағы заңнамада оларды қорғау қызметі анықталмаған. Біздің түзету осы олқылықты жоюы керек», — деп атап өтті министр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған