Жеңгемнің көңілдесі анасын пышақтап өлтіріпті

Әңгімем менің туған жеңгеме байланысты. Отбасылық жағдайда көп нәрсе әйел адамға байланысты екені белгілі ғой. Ағам жиырма алты жасында өзінің сүйген қызына үйленді. Отбасымызда ағам және мен. «Ағам үйленеді» деп естігенде барлығымыз қатты қуандық. Жеңгемді үйге әкелгенше тағатсыздана күттім. Күні-түні жеңгемнің қасында жүретінімді көз алдыма елестетіп, ойға беріліп ұйықтап кететін едім. 

Армандаған күн де жетті. Ақ босағаны аттап жеңгем отбасымызға құт болып қонды. Үлбіреген жүзін көргенде қуанышым қойныма сыймады. Асты-үстіне түсіп анам жүр, «жеңгелеп» мен қасынан шықпаймын. Ағам да сыртқа білдірмесе де іштей көңілі марқайып жүрген сыңайлы. 

Сыныптас құрбыларыма жеңгемнің қылықтарын үнемі мақтанышпен айтып жүремін. Ағам жұмысында, жеңгем үйде. Осылайша, өмір өте берді. Дүниеге үш бала келді. Олар отбасымыздың берекесін арттырғандай. Балаларының алды тілі шығып, ер жете бастады. Мен де оқуымды аяқтап студент атандым. Ата-анам ағамның отбасымен тұрып жатты. 

Оқуға түсіп бір каникулымда үйге келгенде анамның жүзінен бір кірбіңді байқап, секем алып қалдым. Осы каникул кезінде біраз сырға қанық болып қалғандаймын. Мен армандаған мен көрген жеңгем мүлде өзгерген. Өзгерткен өмір ме әлде баршылық па? Отбасымызға жетерлік табыс көзі де бар. Анам да әкем де зейнетақы алады, ағам жұмыс істейді. Сонымен қатар әкемнің қосымша табыс көзі де бар. Жеңгем ешқашан ештемеден таршылық көрген емес. Ағам және туысқандар тарапынан да жеңгеме деген «жақсы көңіл, ерекше ілтипат» жетерлік. 

Осылайша, мен оқуыма кеттім. Жазғы демалысымда қалада жұмыс істемекші ойым болған, бірақ жоспарымды анам бұзды. Менің жаздық каникулда үйде болғанымды қалады. «Жеңгеңе іс-шаруаға болыс» деді. Анамның сөзін екі етпей аулыға келдім. Жеңгем бұрынғыдай бізбен сырласып сөйлеспейді, қашан көрсең қабағы қатулы. Үнемі белгісіз бірдемеге ашуланып жүреді. Соңғы кезде төркіншіл де болып алды, күн ара әрнені сылтауратып көрші ауылға тартып отырады. Күні-түні телефон құлағынан түспейді. Арасында бөлмесінен шықпай киносын көріп, балалары жыласа ұрып-соғып айқайлай жөнеледі. Құтты жеңгемді біреу басқа адаммен айырбастап қойғандай. 

Бір күні көрші ауылда тұратын анасы «қызыма күн көрсетпей жатыр» деп ауылдық полиция қызметкерімен келіп қызын алып кетті. «Балаларыңды өздерің асыраңдар» деп бауырларымды бізге тастады. Не болғанын ұқпай улап-шулап біз қалдық қалдық. «Сен бірдеме бүлдірген шығарсың» деп анам мен әкем ағамды тергеудің астына алды. Ағам көп сөйлей бермейтін біртоға, өз жұмысын істеп, отбасын ойлап жүретін азамат еді. Жеңгемнің бұл қылығына бүкіл ауыл жағасын ұстады. 

«Абыройымызды төгіп бекерден бекерге кетті» деп ата-анам артынан бармады. Ағам да «керегі жоқ» деп ашумен қолын бір сілтеді. Күн сайын шешесі екеуі үйге телефон шалып «үйді тартып аламыз» деп қорқытты. Үй ағамның атында еді. Түбінде олар ажырасып тынды. Үш баланы алып кетіп, бір жылға жетпей әкеп тастады. Жеңгеме не жетпегенін білмей біз қалдық. Ешқашан ағам екеуінің ұрысып, жанжалдасқанын көрген емеспіз. Не ойы барын кім білсін, әлде шешесінің ойлаған бір ойы болды ма, ұқпадық. 

Сол уақыттан бері талай жыл өтті. Үш бала біздің қарауымызда. Қаншама мейірім төксек те ес біліп қалған балалар емес пе аналарын сұрап қояды. Ол кезде анам көзіне жас алып, жылай береді. Ағам үш балаға қарайлап, үйленетін ойы да жоқ. 

Бір жылы жеңгемнің анасы қайтыс болыпты деп естідік. Жеңгемнің кездесіп жүрген көңілдесі ішіп кеп, жеңгеміздің анасын пышақтап өлтірген екен. Кейіннен жеңгеміз бір малшы жігітке тиіп кетіпті. Балалар қазір мектепте оқиды, ағам сол күйі үйленген жоқ. «Барға қанағат тұтпасаң, Алланың қаһарына ұшырайсың» деген осы болар деп ойлаймын. Таң қалатыным, осы уақытқа дейін жеңгеміз балаларын бір рет іздеп келмеді. Өзінің де балалары жоқ екен. Жанымызға бататыны — үш сәбидің тірі жетім атанғаны. Ешкімнен кем қылмай өсірсек те ана махаббаты ерекше ғой. Осындай өз баласынан безінген безбүйрек аналарға не дейсіздер?

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Advertisment ad adsense adlogger