Жеңіс күні қарсаңындағы құрмет: 6505 әскери бөлімінің сарбаздары 101 жастағы ардагерді құттықтады

Просмотров: 5

Бүгін, Ұлы Жеңіс күні қарсаңында, Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ерекше акция өткізді. «Жеңіске 100 күн» атты іс-шара аясында олар Ұлы Отан соғысының ардагері, 101 жастағы Степенко Григорий Петровичті құттықтады.

Шараға бригада командирі, полковник Максат Қырғызбаев пен бригада командирінің орынбасары, подполковник Мақсат Мукаев бастаған офицерлер мен әскери оркестр қатысты. Олар ардагердің үйіне барып, жылы лебіздерін білдіріп, мерекелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті. Сонымен қатар әскери оркестр ардагерді әсем әуендерімен қуантты.

Полковник Максат Қырғызбаев ардагерге алғысын білдіре отырып:
— Сіздің ерлігіңіз бен жанқиярлық еңбегіңіз – біз үшін баға жетпес өнеге. Сіздер жеңіп берген бейбітшілікті сақтау — біздің қасиетті борышымыз, — деді.

Григорий Петрович әскери қызметшілерге шын жүректен алғыс айтып, соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісті. Ол сарбаздарға батасын беріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Мұндай шаралар — жас буынды патриотизмге тәрбиелеудің, өткенді ұмытпай, ардагерлердің ерлігін мәңгі есте сақтаудың жарқын үлгісі.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған