Жеңістің 80 жылдығы: Уақытпен бірге жаңғырып тұрған ерлік
Жеңіс. Бұл сөздің артында қанша қайғы, қанша үміт, қанша көз жасы мен қуаныш барын біз толық түсіне алмаймыз. Бірақ бізге бейбіт өмір сыйлаған, жанын пида еткен сол батырлардың арқасында бүгін тыныш таң атып, ашық аспан астында өмір сүріп келеміз. 2025 жылы Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл тек бір тарихи дата емес, бұл – ұрпаққа берілген ұлы аманат.
Ұлы Отан соғысы – адамзат тарихындағы ең қанды соғыстардың бірі. Бұл соғыс миллиондаған адамның тағдырын өзгертті. Қазақстандықтар да бұл қасіретті кезеңде қол қусырып отырмай, майдан мен тылда жан аямай еңбек етті. Бауыржан Момышұлының батырлығы, Әлия мен Мәншүктің ерлігі – бізге мәңгілік үлгі.
Мен үшін Жеңіс – бұл ата-әжелеріміздің өмір жолы. Олар соғыс отының ортасында жүріп, болашақ ұрпағының бейбіт өмірі үшін күресті.
Әрбір оқ атылған сәтте, олар үміт пен сенімді бірге арқалады. Олар аман-есен оралмағанмен, олардың рухы – біздің жүрегімізде.
Бүгін біз соғысты тек кітаптар мен фильмдерден білеміз. Бірақ бұл өткен шақтағы оқиға деп қана қарауға болмайды. Себебі әрбір жеңіс күні — бізді тәуелсіздік пен бейбітшілік құны туралы ойлануға жетелейді. Бұл – ұмытпау, тағзым ету, құрмет көрсету күні.
Жеңістің 80 жылдығын тойлау — тек мерекелік шара емес, бұл — тарихты есте сақтау, ардагерлерге алғыс айту, және олардың ерлігіне бас ию. Біз болашақ ұрпақ ретінде олардың ерлігіне лайық болуға, бейбіт өмірді сақтауға міндеттіміз.
Себебі Жеңіс – бұл тек өткеннің емес, болашақтың да негізі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6697 әскери бөлімінің командирі полковник Талғат Әбдіров