Жігіт оқушы қызды зорлап, туған анасын тонауға мәжбүрлеген

Шымкентте он төрт жастағы оқушы қыз зорлықтың құрбаны болды деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.

Жәбірленуші тараптың сөзінше, уақытша қамауға алынған жігіттің жасы биыл 18-ге енді толған. Ол оқушыны зорлаған сәтін ұялы телефонға түсіріп алып, жарты жыл бойы бопсалап келіпті. Бұл туралы зардап шеккен қыздың анасы айтып берді.

«2017 жылдың шілде айында қызым нағашы апасының үйіне барған. Күдікті оны көшеден көріп, ВК желісі арқылы достық ұсынады. «Көршіміз» деп сендірген ол қызыма жақын танысқысы келетінін айтып, тал түсте далаға шығуын өтінген.

Күдікті қызымды иығына салып алып, аузын жауып, құрылыс алаңында зорлап тастаған. Ауданда құрылысы бітпеген алаңдар өте көп.

Азғын жігіт «осы әрекетімді біреуге айтар болсаң, бүкіл Шымкентке қарабет боласың, сені жезөкше деп атайтын болады» деп психологиялық қысым көрсетеді. Қызым қорыққанынан ешкімге сыр білдірмей, үйге келіп, жуынып жатып қалған», — дейді оқушы қыздың анасы.

Екінші зорлық оқу жылында қайталанған. Күдікті жеткіншекті білім ордасынан іздеп барып, қорқыту арқылы көлігіне отырғызып, арам ойын көлік ішінде жүзеге асырған.

Қыздың қарсылығына қарамастан, «дегеніме көнбесең сыныптастарыңа сені жезөкше деп айтамын, барлығы сенен теріс айналады, ата-анаң да сені үйден қуады, оқуыңды тәмамдаған соң мен сені әйелдікке аламын, менен басқа ешкімге керек емессің» деп әбден қорқытып тастаған.

Желтоқсан айында қыз зорлаушы құрбанына «маған елу мың теңге тауып әкел, болмаса сенімен түскен интимдік видеоны шымкенттік әлеуметтік желілерге салып, колледж жігіттеріне таратамын» деп бопсалайды.

«Қызым қатты қорыққаны сонша, нағашы әжесінің алтын сырғасы мен екі сақинасын апарып береді. Кейін тағы да менің алтын сағатымды және сіңілімнің әшекейлерін ұрлап апарып, қолына ұстатқан.

Күдікті мұнымен тоқтамай қаңтар айының басында «тағы да 50 мың теңгені 10 қаңтарға дейін тауып әкелесің» деп есептеуішке қойған. Қызым менің әмиянымнан 30 мың теңгені ұрлап, күдіктінің үйіне апарған кезде жігіт ұстап алып тағы зорлаған. Сол күні қызым аяқ асты жоқ болып кеткен соң телефонына қоңырау шалып, іздедім.

Үйге келген соң сұрай бастадым. Алтын, ақшаларым шетінен жоғалады. Ұры алыстан емес деп. Сол кезде қызым «мен бұлай шыдай алмаймын, бір жігіт мені жаман видеомен қорқытқан соң, барлық затты соған апардым» деді.

Кейін полицияға арыз жазып, қызыммен психологтар жұмыс істеген кезде бірақ білдік, оны осы уақытқа дейін малша зорлап келгенін. Тіпті телефонында қызыма «оныншы қаңтар жақындап қалды, қашан әкелесің?» деген хабарламаларын оқыдық. Ол қызымды зорлағаннан басқа, «менің әкем шешемді шашынан сүйреп былай ұрады» деп талай рет таяқтаған», — деп күрсінді жәбірленушінің анасы.

Кейін қайта шағымдану арқылы іс қозғалып, бірнеше медициналық сараптама нәтижесінде күдікті жыныстық жолмен оқушы қызға екі түрлі ауру жұқтырғаны дәлелденген.

Қазіргі уақытта күдікті Қылмыстық кодекстің 120 бабы үшінші тармағы (кәмелет жасына толмаған жеткіншекті зорлау», 194 баптың 1 тармағы (бопсалау) бойынша сот алдында жауап беруде.

Қорғаушының сөзінше, сот жабық түрде өтіп жатыр, соңғы сот үкімі тамыз айының соңына белгіленген. Жәбірленуші тарап қылмыскер әділ жазасын алмайынша тоқтамаймыз деп білек сыбанып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Advertisment ad adsense adlogger