Жігіттердің наласына қалдым

Ел арасында «Сүйген сұлу емес, сені сүйген сұлу» деген сөз бар. Жастық па, басқа ма, өрімдей кезімізде сол сөзге мән бермей келіппіз. Адам баласы алдағысын болжай алмайды ғой. Ондай құдіреті болса, ешбір қателік жасамауға әрекет етер ме еді? Жұмыр басты пендеде ондай қасиет жоқ. Соның салдарынан аяғын шалыс басып жататын жағдайы бар.

Мен де сондай жанның бірімін. Өзімді жақсы көріп, шын жүрегімен сүйген жігіттің наласына қалған секілдімін. Қазіргі күні жасым 50-ден асып кетті. Жастық шақта ештеңеге мән бермей, бүгінгі күні соның зардабын тартып отырған жайым бар. Жалғыздық жаныма батып, әбден қиналып жүрмін. Сол бір албырт кезімізде жігіт біткенге мұрын шүйіріп жүрген едік. Беттің әрі ешқашан кетпейтін секілді. Мәңгі бақи жас болып қалатын секілді көрінді. Сөйтіп, талай жігіттің меселін қайтардым. Олардың арасында маған шын жүрегімен ғашық болып, менің ізімнен қалмай жүгірген бір жігіттің наласы жайында қазір жиі ойлайтын болдым. Осы ойымды «Алаш айнасына» жариялау керек деп шештім.

Әңгімені басынан бастайықшы. Өзімді бет біткеннің көріктісі болдым деп айта алмаймын. Бірақ ешкімнің алдында жүзімді төмен салатындай көріксіз де емес едім. Жігіттер бір көргеннен-ақ маған назар аударып, өзінің жылы көзқарасын білдіріп қалуға тырысатын. Ал мен оларға мән бермейтінмін. Өзімнің қиялымда ақбоз ат мінген жігітім бар. Ол кезде соны кездестірсем деген арманым бар еді. Адамның арманының барлығы орындала бере ме? Мен армандаған жігіт сол күйінше кездескен жоқ. Мен оның бос қиял екенін ұқтым. Жастық желікпен қиялдың жетегінде кете беріппін. Сөйтіп, уақытымды босқа өткізіп алған екенмін. Уақыт тегермешін қайта айналдырып келтіре алмайсың енді… Қолыңды мезгілінен кеш сермегеннен не пайда?

Қазіргі күнгі ойым осы. Оны несіне жасырамын? Жұрттан жасырғанмен ол менің жанымды жегідей жеп келеді. Атам қазақ ерте заманнан-ақ «Жалғыздық тек Құдайға жарасқан» деген тәмсілді тектен-текке айтпаса керек-ті. Соның рас екенін енді түсіндім. Кезінде оқу дедік, қызмет дедік, басқасына ешбір елең еткен жоқпыз. Сөз салғанының өзін мұрын шүйіріп менсінбедік.

Сол шақта құрбыларым теңін тауып, өздеріне сөз салған жігіттермен шаңырақ көтерді. Әрине, олардың барлығының бірден жағдайы түзеліп кете қойған жоқ. Алматыда қалған отбасылар алдымен пәтер жалдап жүрді. Осылайша 10-15 жылдай уақытын өткізді. Дегенмен беріде жағдайы түзеліп, бастарына баспана алғаны аз емес. Қазіргі таңда олардың арасында жағдайы келіскен, дәулетті тұратыны көп. Тату-тәтті ғұмыр кешіп, әрбір істі ортақ атқарсаң, сенің жолыңда ешқандай тосқауыл бола қоймайды. Мен мұны анық ұқтым. Сол құрбыларымның бүгінгі тіршілігіне қызығамын. «Мен де неге сол етпедім» деп сауал қоямын өзіме.

Жаңа сөз орайында бір жігіт туралы әңгіме бастап едім. Енді соны қайта жалғайын. Ол жігіт көп балалы отбасыдан шыққан. Жағдайы онша емес екенін байқайтын едім. «Мен ертең ол шаңыраққа келін болып түссем, жағдайым қалай болады» деген сауал көкейімде бар еді. Оған осыны тұспалдап жеткізсем, «Барлығын екеуміз жасап аламыз ғой» деген секілді ойын жеткізетін. Ал мен үшін уақыт күтіп, жағдайымызды қашан жасаймын деп жүру ешқандай қисынға келмейтін. Дайын дүниеге топ етіп түсе салсам деген арманым бар.

Қазақ «Дүние – қолдың кірі» дегенді айтқан. Расы сол екен. Еңбек етсең, барлығы да қалпына келеді. Қазіргі жасымда соған тоқтаймын. Ал жас кезде ақымақ болған екенмін. Дәулеті бар адам жолықты делік. Ол мені өмір бойы алақанына салып аялап өте ме? Дүниенің буымен жүрген адамдар көбінесе менменшіл келеді. Сондай отбасында тәрбие алған бала да кеудемсоқ болып өседі емес пе? Олар мен секілді қарапайым шаңырақтан шыққан қызға қарай қоя ма екен? Жастық шақта ондай да жігіттер де кездескен. Бір айта кетерлігі, олардың да талғамы басқа секілді. Олар да өздері секілді қыздар таңдайтын тәрізді. Біз секілді бойжеткендерге көзінің қырын да салмай күйдіретін.

…Оқу бітірдік. Бәрі жан-жаққа тарап кетті. Мен Алматыда қалдым. Жақсы бір мекемеге қызметке келдік. Жұмыс жүріп жатты. Жаңағы айтқан жігітім бұл кезде де соңымнан қалмай, өзінің сезімін білдіріп жүрді. Мен оны көрген сайын жыным келетін. «Маған мүлдем келмеші» дедім бірде. Ол мені жақсы көретінін білдіріп, оған қарсылық жасады. Оған ашу-ызамды айтып, оны мүлдем сүймейтінімді айттым.

…Содан кейін ол мүлдем төбе көрсеткен жоқ. Жігіттің ар-намысы жібермеген шығар. Бір қаланың ішінде емеспіз бе, оның жағдайын таныстардан естіп жүрдім. Оқуды жақсы оқыған ол қызметтік жолында да тез көтеріле бастады. Сол бір шақтарда отау көтерді. Оның жағдайы күннен-күнге жақсара берді. Мен қателігімді сол кездерде түсіне бастағандай болдым. Алайда әлі де жастық жігермен өзімді одан жеңіліп қалдым деген ой болған жоқ. Талай жігіт сөз салды. Ешбіріне көне қойған жоқпын. Менің тағдырым солай болған шығар. Бауырымда бала да жоқ. Кейбір отырыста жоғары оқу орнында бірге оқыған достарыммен бас қосамын. Олар бұрын қастарына балаларын ертіп келетін. Қазіргі күні немерелерін ертеді. Мен жалғыздан жалғыз сопайып барамын. Құрбыларым немерелерінің қызығын айтып, шат-шадыман күйге бөленіп жатады. Мен болсам олармен не айтарымды білмей, кейде үйге ертерек қайтып кетемін. Сондықтан ізімнен ерген сіңлілеріме менің қателігімді қайталамаңдар дегім келеді. Жақсы жігіт кездесіп жатса, көп ойланбастан олардың етегін ұстауға тырыссаңдар… Барлық шаттық шаңырақ көтергеннен кейін келеді. Дүние деген — қолдың кірі. Бір байдың баласына тұрмысқа шыққанынмен жағдайың қалай болады? Жігіттердің наласына қалмаңдаршы…

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Advertisment ad adsense adlogger