ЖРВИ және тұмаудың алдын алу

Просмотров: 119

Тұмау және жедел респираторлы вирустық инфекциялар

Тұмау және жедел респираторлы вирустық инфекциялар (ЖРВИ) адам денсаулығына және елдің экономикасына да зардабын тигізетін індетке жатады. ЖРВИ желісіндегі ең қауіптісі – тұмау.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын әлемде тұмау ауруының 3-5 млн ауыр түрі тіркеліп, оның 250-500 мың жағдайы өліммен аяқталады.

ДДҰ деректері бойынша, әр түрлі этиология мен тұмаудың жедел респираторлы вирустық инфекциялары (ЖРВИ) барлық жұқпалы аурулар арасында бірінші орындардың бірін иемденеді. Қазіргі уақытта ЖРВИ туындауына алып келетін себептердің 200-ден астам түрі бар. Белгілі бір респираторлы вирустың қарқындылығы, жиілігі және үстемдігі маусымға және климаттық ерекшеліктерге байланысты.

Қазақстан Республикасында тұмау және жедел респираторлы вирустық инфекциялардың көтерілуі алдыңғы жылдың эпидөршулерінің талдауы бойынша қаңтар айының басына келеді, науқастылықтың шыңы қаңтар айының соңына, ақпан айының ортасына дейін болады.

Қазақстанда жыл сайын миллионға жуық адам тұмау және жедел респираторлы вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) ауырады. 14 жасқа толмаған балаларда жиі кездеседі және олардың жалпы санының 70%-ын құрайды.

Тұмау және тыныс алу жолдарының жедел вирустық инфекциялары – ауа-тамшы жолдарымен жұғатын әр түрлі инфекциялардың жиынтығы. COVID – 19 бойынша эпидемиологиялық жағдай аясында тұмау бойынша эпидемиологиялық маусымның жақындауына байланысты халықты тұмауға қарсы ерекше иммундауды ұйымдастырудың маңыздылығына және медициналық ұйымдардың ЖРВИ мен тұмаумен ауыратын науқастарды қабылдауға дайындығына қатаң назар аударылуда.

ДДҰ ұсынымдарына сәйкес, халықтың 40%-ын тұмауға қарсы вакцинациямен қамту ұсынылады.

Жыл сайын жергілікті бюджет қаражатынан қаржы бөлінеді және мынадай тәуекел топтарына вакцинациялау жүргізу үшін вакциналар сатып алу жүзеге асырылады: медицина қызметкерлері, жиі ауыратын балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, балалар үйлерінің балалары, медициналық-әлеуметтік мекемелердің (ұйымдардың) қызмет алушылары, жүкті әйелдер, жүрек-қан тамырлары жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар.

Сонымен қатар осал топқа кірмейтін әр адам өз қалауы бойынша ақылы түрде немесе жұмыс беруші есебінен жергілікті емханаларда екпе алуына болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пайымдауынша, тұмаумен күресуде әлеуметтік және экономикалық нәтижелі алдын алудың жалғыз шарасы – вакцинопрофилактика. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыруда науқастылық басталмас бұрын егілу қажет. Тұмауға қарсы екпені эпидмаусым кезеңінде (қыркүйек, қазан айларында) алуды ұсынады. Тұмауға қарсы екпелер қауіпсіз және тұмаудың алдын алуда жоғары тиімділікке ие.

Тұмауға қарсы екпені Қарағанды қаласында қыркүйектің аяғынан бастап жүргізу жоспарлануда. Тұмауға қарсы екпені жергілікті емханаларға барып алуға болады.

Қазақстан Республикасында 2022-2023 жылдары эпидемиялық маусымда тұмауға қарсы мына вакциналар тіркелген және қолдануға берілген: «Ваксигрип» (Франция), «Инфлювак» (Нидерланды), «Гриппол плюс» (Ресей). Барлық вакцинада тұмау вирусының штаммдары бар.

Вакцинациядан басқа тұмаудан қорғанудың тағы бір тәсілі бар, ол – ерекше емес профилактика.

Ерекше емес профилактика организмнің өзінің қорғаныш күштерін нығайтуға бағытталған және вакцинациялаумен бір уақытта жүргізуге болады.

Профилактика әдістерінің бірі – науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, маусымға сәйкес киіну. Ауырған жағдайда балаларыңыздың (мектепке дейінгі мекемелерге және мектепке бармау) үйде болғаны абзал.

Халық көп жиналатын жерлерде, сондай-ақ науқасқа күтім жасаған кезінде науқас адам да, дені сау адам да бетперде киюі керек. Науқас үйде болғанда, оны оқшаулау керек, бөлмені жиі желдету және барлық жерді сүртіп, ылғалды жинау жүргізу керек, науқасқа жеке ыдыс бөліп, оны тұрақты түрде өңдеу керек.

Иммунитетті көтеретін профилактиканың қолжетімді әдістерін де пайдалану туралы ұмытпау керек (пияз, сарымсақ сияқты табиғи фитонцидтер, шөптер, қарақат, итмұрын қайнатпаларын көп ішу, құрамында С витамині бар ашытқан қырыққабат, цитрус өнімдері сияқты өнімдерді қолдану, сондай-ақ белокқа бай өнімдерді қолдану).

Тамақты салқын сумен шаюдан бастап контрастылы себезгі мен бассейнді пайдалануға дейін организмді шынықтыру қажет.

Тұмау өзінің асқынуларымен қауіпті, сондықтан респираторлы аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде, өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада дәрігерге бару керек.

Аймағанбетов Н.М.,

«Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ басшысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған