1 қыркүйектен бастап тек жұбайыңыздың келісімімен несие немесе микрокредит ала аласыз: ережелер жарияланды

Просмотров: 33
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2024 жылғы 16 тамыздағы қаулысымен жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының келісімін және банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшерін алу қағидаларын бекітті, деп хабарлайды 247media.kz

 

Республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген 1000 АЕК көлемінде (2024 жылы 3 692 000 теңге) банктік қарыз немесе микрокредит алуға жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микрокредиттің (қайта қаржыландырылуға тиіс қарыздарды қоспағанда) ең төменгі мөлшері бекітіледі.

 

Жеке тұлғаға кредит берілгенге дейін кредитор уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі арқылы клиенттің тіркелген некесінің бар-жоғы туралы ақпаратты тексереді не кредиттік бюролардан АЖ-да бар ақпаратты алады.

Клиентке кредит беруге клиенттің жұбайының (зайыбының) келісімі Қағидалардың 2-тармағына сәйкес ақпаратты алған кезде АЖ-да клиенттің тіркелген некесі (ерлі-зайыптылық) туралы ақпарат болған жағдайда талап етіледі, ол жөнінде кредитор «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» немесе «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының баптарына сілтемелерді міндетті түрде көрсете отырып, клиентке және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) хабарлайды.

Келісім жазбаша еркін нысанда қағаз тасымалдағышта не электрондық нысанда ресімделеді және мынадай міндетті талаптарды қамтиды:

  • Келісімнің ресімделген күні;
  • клиент және оның жұбайы (зайыбы) туралы мәліметтер: тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және жеке сәйкестендіру нөмірі;
  • кредит туралы мәліметтер: сомасы, мерзімі, сыйақы мөлшерлемесінің көлемі (жылдық пайызбен не белгіленген сомада), дұрыс, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеу арқылы сыйақы мөлшерлемесінің көлемі.

Қағаз тасымалдағышта ресімделетін келісімге клиенттің жұбайы (зайыбы) немесе оның нотариалды куәландырылған сенімхат негізінде әрекет ететін сенім білдірілген адамы қол қояды.

Клиент жұбайының (зайыбының) кредитордың бөлімшесіне келуге мүмкіндігі болмаған кезде Келісімді нотариалдық куәландырылған нысанда қағаз тасымалдағышта беруге жол беріледі.

Электрондық түрде ресімделетін келісім кредитордың қашықтан қызмет көрсету бағдарламалық қамтылымы не клиенттің жұбайын (зайыбын) биометриялық идентификаттауды қамтамасыз ете отырып, «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы беріледі.

 

Кредитордың қашықтан қызмет көрсету бағдарламалық қамтылымын пайдаланған кезде клиенттің жұбайын (зайыбын) биометриялық идентификаттау сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының қызметтерін пайдалану арқылы немесе кредитордың құрылғылары арқылы алынған биометриялық деректер бойынша жүзеге асырылады.

 

Электрондық түрде ресімделетін Келісімді клиенттің жұбайы (зайыбы) Қазақстан Республикасының аккредиттелген куәландырушы орталығы берген электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырады.

Клиент жұбайының (зайыбының) кредитор келісімінің қолданыс мерзімінің ішінде Қағидалардың 5-тармағының бірінші абзацында және 6-тармағының үшінші абзацында көзделген іс-әрекеттерді жүзеге асырмауы клиенттің жұбайының (зайыбының) клиентке кредит беруден бас тартуы болып табылады.

Кредитордың Келісім алуы осындай кредит берілгенге дейін әрбір кредитке талап етіледі.

Кредитор Келісімнің клиент банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді толығымен орындағанға дейін сақталуын қамтамасыз етеді.

Қаулы 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған