1 қыркүйекке дейін Алматыда қанша студенттік жатақхана ашылатыны белгілі болды

Просмотров: 35
Алматыда қала әкімінің тапсырмасымен студенттерді жатақханаға орналастыру бойынша штаб құрылды, деп хабарлайды 247media.kz

Алматы әкімі Ерболат Досаев жаңа оқу жылына дайындық және студенттерді жатақханаға орналастыру мәселесі бойынша жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесті.

«Еліміздің маңдайалды оқу орындарының дені Алматыда орналасқан, жыл сайын мыңдаған студент жоғары білім алу үшін осында келеді. Біздің міндетіміз – оларға сапалы білім беру және жайлы жатақханамен қамтамасыз ету», – деді қала әкімі Ерболат Досаев.

Шаһар басшысы жатақхана мәселесі тікелей бақылауында екенін атап, Алматыға оқуға келген студенттердің жағдайын жасау бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылады. Соның бірі алматылық студенттерді жатақханаға орналастыру мәселесімен айналысатын арнайы штабтың құрылуы.

Алматы қаласы әкімдігінің студенттерді қолдауға арналған тағы бір маңызды бастамасы – дағдарыс және жедел ден қою жөніндегі ахуалдық орталықтардың ашылуы.

Дағдарыс орталығы ALT университетінде орналасқан. Дағдарыс орталығының міндеті басқа өңірден келген баспанасыз студенттерге жедел қолдау көрсету және уақытша орналастыру. Дағдарыс орталығында 70 орын бар.

Ахуалдық орталығы Алмалы ауданындағы жастардың комьюнити орталығының базасында жұмыс істейді. 1 тамыздан бастап орталық тәулік бойы жұмыс істеп, студенттерге орналастыру мәселесі бойынша жедел көмек көрсетуде. Орталық күн сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1,5 мыңнан астам қоңырау қабылдайды. Сонымен қатар, қаланың әрбір жоғары оқу орнында студенттерге тікелей қолдау көрсететін Ахуалдық орталықтар ашылды.

Айта кететін нәрсе, Алматыдағы 35 жоғары оқу орнында 199 мыңнан астам студент білім алып жатыр, оның 124 мыңы – өзге өңірден келген студенттер. Қалада 109 студенттік жатақхана бар, онда 36,2 мыңнан астам студент тұрады. Жалпы қажеттілік 28,7 мың орын. Алайда қала әкімі қолдауымен қабылданған шаралардың нәтижесінде тамыз айының соңында төсек орын тапшылығы 8,9 мың орынға дейін қысқарды.

Оқу жылы басталғанға дейін Алматыда 1920 орындық 6 жатақхана ашылады, ал жыл соңына дейін Алматы қаласы әкімдігінің жобалық кеңсесінің қолдауымен 3105 орындық 4 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. 2024 жылы жалпы 5025 орындық 10 нысанды, 2025-2026 жылдары 34 295 орындық 33 нысанды пайдалануға беру көзделген.

Естеріңізге сала кетейік, жатақхана құрылысын тиімді үйлестіру үшін студенттік жатақханалар құрылысы бойынша жобалық кеңсе жұмыс істеп тұр. Жобалық кеңсенің негізгі міндеті Алматы қаласында жатақханалар құрылысы бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыру және студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай жасау. Жобалық кеңсе ашылғаннан бастап 120 әлеуетті инвестор жүгінді, оның 67-сі қазір жұмысқа кіріскен, бұл қолдау механизмінің тартымдылығын көрсетеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған