2024 жылғы Олимпиада ойындарының ашылуы өзенде өтеді: Тікелей эфирді қай жерде және қай уақытта көруге болады

Просмотров: 53

26 шілдеде Парижде (Франция) 2024 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарының ашылуы өтеді. Бұл туралы 247media.kz.ақпарат агенттігі Olympic.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, салтанатты шара бұрынғы Олимпиадалардан да ерекше болмақ. Дәстүрлі спортшылар шеруі биыл ешкім күтпеген басқаша форматта өтеді. Шеру стадионда емес, өзенде өтеді. Спортшылар делегациясының шеруін Париждегі Сена өзені қабылдайды.
Сонымен қатар әрбір құрамаға арнайы қайық бөлінеді (қайық саны 100-ге жуықтауы мүмкін. Себебі кей құрамалар бір қайыққа сыймайды). Ал өзен жағалауынан шеруді жанкүйерлер тамашалай алады. Спортшылар қайықпен алты шақырым жүзеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шеру Париж тарихы мен архитектурасына визуалды саяхат болады.

Айта кетейік, Шеру Трокадеро алаңының маңында аяқталады. Мұнда ашылу салтанатының келесі бөлігі – Олимпиада алауын жағу рәсімі өтеді.

Шоуды франциялық театр режиссері әрі актер Тома Жолли дайындаған. Қойылымға 3000-ға жуық әртістер қатысады. Бұдан бөлек әншілер Селин Дион мен Леди Гага өнер көрсетеді деп болжам бар.
Қазақстан уақытымен тікелей көрсетілім сағат 22:30-да Qazaqstan, Qazsport, Jibek Joly және «Хабар» арналарынан көрсетіледі.

Шеру кезінде боксшы Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова еліміздің туын ұстап шығады.

Еcке салайық, бұған дейін Париждегі Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан делегациясына 900 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін жаздық. Қазақстан делегациясының Париждегі Олимпиада ойындарына сапарын ұйымдастыруға мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржыны туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитеті мәлімдеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған