«Central Asia Cement»АҚ  ұжымы жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын мәлімдеді

Просмотров: 12

Теміртау қаласындағы ірі өнеркәсіп ошақтарының бірі –  «Central Asia Cement»АҚ  ұжымы жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын мәлімдеді. Кәсіпорын еңбеккерлері ел дамуының келешегін айқындайтын маңызды саяси науқан – 15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында өз ұстанымдарын ашық білдіруде.,

Бүгінде зауытта 800-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың әрқайсысы өндірістің тұрақты жұмыс істеуіне, құрылыс саласын сапалы цементпен қамтамасыз етуге және ел экономикасын дамытуға үлес қосып келеді. Өндіріс саласындағы еңбек тәртібі, технологиялық қауіпсіздік, экологиялық талаптардың сақталуы секілді мәселелер кәсіпорын үшін ғана емес, жалпы аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы үшін де аса маңызды.

Инженер-эколог Алина Броничтің айтуынша, өндірістік сектор өкілдері үшін ең басты құндылықтар – тұрақтылық, заң үстемдігі және экологиялық жауапкершілік. Оның пікірінше, жаңартылған Конституция осы үш бағыттың да мызғымас құқықтық негізін қалыптастырады.

– Біз үшін экономиканың орнықты дамуы, экологиялық талаптардың сақталуы және кәсіпорындардың қауіпсіз жұмыс істеуі өте маңызды. Конституция – мемлекеттің басты заңы ретінде осы қағидаттардың беріктігін қамтамасыз етеді. Сондықтан ұжым болып жаңа Конституция жобасымен танысып, оны қолдауға шешім қабылдадық. Біз жаңа Конституцияны қабылдау ел дамуының жаңа белестерін бағындыруға мүмкіндік береді деген сенімдеміз, – дейді Алина Бронич.

Шынында да, өндіріс орындары – экономиканың тірегі. Ал өндіріс тұрақты дамуы үшін құқықтық айқындық пен институционалдық сенімділік қажет. Жаңа редакцияда ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, заң үстемдігін нығайтуға, әлеуметтік және экологиялық жауапкершілікті нақтылауға бағытталған. Бұл – еңбек адамдарының мүддесіне тікелей қатысты мәселелер.

Кәсіпорын қызметкерлері атап өткендей, референдум – тек саяси науқан емес, әрбір азаматтың ел тағдырына қатысты тарихи шешім қабылдау мүмкіндігі. 15 наурызда өтетін республикалық референдум – Қазақстанның даму бағытын айқындайтын кезең. Мұнда әрбір дауыс маңызды.

«Еңбек адамының дауысы – ел болашағына қосылған нақты үлес», – дейді зауыт өкілдері. Расында, ел экономикасын алға сүйреп жүрген өндіріс мамандарының белсенді азаматтық ұстанымы қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін нығайта түседі.

Осылайша, Теміртаудағы өнеркәсіптік ұжымдардың бірі жаңа Конституция жобасын қолдап, оның ел дамуына серпін беретініне сенім білдіріп отыр. Ендігі тарихи таңдау – әр азаматтың өз қолында. 15 наурыз – мемлекет болашағына бейжай қарамайтын әрбір қазақстандық үшін маңызды күн.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған