Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауын тыңдай отырып, еліміздің дамуындағы орасан зор перспективаларды көрдім. «Халықтық құрылыстың» басталуы – келер ұрпақ алдында аманат ететін жасампаз, көркейген, әр азаматы сапалы өмір сүретін Қазақстанның жарқын бейнесі.
Президентіміз әлемдік саясаттағы аласапыран кезеңде еліміздің жаңа саяси-экономикалық даму кезеңіне аяқ басып, тарихи қадам жасап отырғанымызды қадап айтты. Болашақ ұрпағымыз экономикасы, білімі мен мәдениеті дамыған жасампаз елде өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалу керектігін айтып, Үкімет пен құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берді. Жолдаудағы ең басты басымдық – адам капиталы және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформаларды жүзеге асыру.
Мемлекет басшысы атап өткендей, реформаларды нәтижелі жүзеге асырудың берік негізі – тәртіп, талап және ішкі тұрақтылықты сақтау. Сондай-ақ Жолдауда инфрақұрылымды дамыту және әлемдік логистика көшін бастау басымдықтары жайында айтылды.
«Қуатты қалалар — қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімді даму жоспары болуға тиіс. Сонымен қатар қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс. Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық бере отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап. Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады», – деді Президент.
Осы міндеттердің бәрі елімізде ауқымды «Халықтық құрылыстың» басталуына негіз қалайды. Бұл ретте инфрақұрылымды жаңарту мен әлеуметтік нысандар салу ең алдымен өңірлердегі нақты қажеттіліктерді терең зерделеуге негізделеді. Президент транзит пен логистика саласында Арал – Каспий бағытындағы жүк тасымалы, жалпы Қазақстанның әлемдік көлік хабы ретіндегі орнын айшықтауға тапсырма берді. Сонымен қатар барлық деңгейдегі (республикалық, облыстық және қалалық) жолдардың сапасын қамтамасыз ету Үкіметке қатаң жүктелді.
Жолдауда жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін экономикалық және әлеуметтік салаларда нәтижелі пайдалануды, өңірлерді тұрақты қуат көздерімен қамтамасыз ету мақсатында атом электр станцияларын салуды қолға алуды, салық саясатын жетілдіруді тапсырды. Ауқымды «Халықтық құрылыс» нәтижесінде әрбір қазақстандық азаматтың табысы мен өмір сүру деңгейі артуы тиіс. Бұл басты басымдық. Қорыта айтқанда, еліміздің жарқын болашағына бағытталған бұл бастамаларға әрқайсымыз өз үлесімізді қосып, бірлік пен келісімді негізге ала отырып еңбек етеміз деп сенемін.

