Құрылтай: тарихи сабақтастық пен жаңа саяси жауапкершілік
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан саяси дамудың жаңа кезеңіне қадам басады. Бұл күні ел азаматтары алғаш рет Құрылтай депутаттарын сайлайды. Алдағы дауыс беру заң шығарушы органның атауын өзгертумен ғана шектелмейді. Екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы жоғары өкілді орган құрылып, депутаттарды сайлау тәртібі, заң қабылдау рәсімі және мемлекеттік институттарды қалыптастыру тетіктері жаңарды. Сондықтан бұл сайлау – жаңа конституциялық модельдің өміршеңдігін айқындайтын алғашқы маңызды сынақ.
Тарихи атау, заманауи міндет
«Құрылтай» атауы халқымыздың саяси тарихымен сабақтас. Ежелгі дәуірде және Қазақ хандығы тұсында құрылтай ел тағдырына қатысты шешуші мәселелер талқыланатын кеңес алаңы болған. Онда ру-тайпа басшылары мен беделді тұлғалар бас қосып, мемлекеттік, әскери және қоғамдық маңызы бар шешімдер қабылдаған.
Алайда бүгінгі Құрылтай көне институтты сол қалпында жаңғыртуды көздемейді. Оның атауы ұлттық саяси дәстүр мен заманауи парламентаризмнің сабақтастығын білдіреді. Ал міндеті – қазіргі мемлекеттің талабына сай заң шығару, атқарушы биліктің қызметін бақылау және қоғам мүддесін білдіру.
Жаңа Конституцияда Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы ретінде бекітілді. Ол 145 депутаттан құралып, депутаттар бес жыл мерзімге сайланады. Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өтеді. Заң жобаларын үш оқылымда қарау тәртібі енгізіліп, жаңа органға бірқатар маңызды мемлекеттік институттарды қалыптастыруға қатысу құзыреті беріледі.
Негізгі таңдау – партиялық бағдарлама
Алғашқы Құрылтай сайлауы бұрынғы Мәжіліс сайлауынан таңдау тәсілімен ерекшеленеді. Бұған дейін азаматтар партиялық тізіммен қатар бірмандатты округтердегі нақты кандидаттарға да дауыс бере алатын. Жаңа жүйеде Қазақстан аумағы біртұтас жалпыұлттық сайлау округі саналып, барлық мандат партиялық тізімдер бойынша бөлінеді.
Демек, енді сайлаушы жеке кандидаттың беделіне ғана емес, саяси партияның тұтас бағытына баға береді. Оның бағдарламасы, кадрлық әлеуеті, қоғамдағы беделі, бұған дейінгі қызметі мен ел дамуына қатысты ұсыныстары шешуші мәнге ие болмақ.
Мұндай жүйе партиялардың жауапкершілігін арттырады. Олар сайлау науқаны кезінде ғана белсенділік танытатын ұйым емес, қоғамдағы түрлі көзқарастар мен әлеуметтік топтардың мүддесін біріктіретін тұрақты саяси институтқа айналуға тиіс. Жалпыұлттық сайлауға қатысатын партиялар бір өңірдің немесе жекелеген топтың мәселесімен шектелмей, экономика, инфляция, тұрғын үй, ауылды дамыту, білім, медицина, қауіпсіздік, экология және мемлекеттік басқару жөнінде кешенді бағдарлама ұсынуы қажет.
Жаңа Құрылтайда арнайы тағайындалатын депутаттар болмайды. Барлық мандат сайлау қорытындысы бойынша бөлінеді. Әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар азаматтардың өкілдігін қамтамасыз ету талаптары партиялық тізімдерді қалыптастыру кезінде ескеріледі.
Сонымен бірге толық пропорционалды жүйенің өзіндік тәуекелдері бар. Егер партиялық тізімдерді жасақтау тәртібі түсініксіз болып, кандидаттар туралы ақпарат жеткілікті берілмесе, сайлаушы мен депутаттың арасы алшақтауы мүмкін. Сондықтан партияішілік демократия, тізімдердің ашықтығы, өңірлік өкілдік және депутаттардың қоғам алдындағы есептілігі ерекше маңызға ие болады.
Ықшам құрылым, ауқымды міндет
Бір палаталы модельдің басты артықшылығы – заң шығару үдерісін ықшамдау. Бұрын заң жобалары алдымен Мәжілісте, кейін Сенатта қаралатын. Мұндай тәртіп құжаттарды екі кезеңде сүзгіден өткізуге мүмкіндік бергенімен, шешім қабылдау уақытын ұзартып, кей жағдайда екі палатаның қызметінде қайталанатын тұстардың пайда болуына алып келді.
Жаңа жүйеде заң жобасы екі палата арасында жүрмейді. Негізгі талқылау Құрылтайдың салалық комитеттерінде және жалпы отырыстарында өтеді. Ал үш оқылым, кәсіби сараптама мен қоғамдық талқылау заң сапасын қамтамасыз ететін басты тетікке айналуға тиіс.
Ықшамдық жедел әрекет етуге
мүмкіндік береді. Әсіресе экономикалық, әлеуметтік немесе ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселелерде шешім қабылдау мерзімі қысқаруы ықтимал. Дегенмен жылдамдық заң сапасының есебінен болмауы керек. Бұрын Сенат атқарған қосымша сүзгінің орнын енді мықты комитеттер, тәуелсіз сараптама және ашық пікірталас басуы қажет.
Бір палаталы жүйе саяси жауапкершілікті де нақтылай түседі. Қай заңды кім ұсынғаны, қандай партияның қолдағаны және депутаттардың қалай дауыс бергені қоғамға ашық болуы тиіс. Өкілеттік бір органға шоғырланған сайын оның есептілігіне қойылатын талап та күшейеді. Сондықтан дауыс беру нәтижелері, комитеттердің қорытындылары, фракциялардың ұстанымдары мен Үкіметке жолданған талаптар жұртшылыққа қолжетімді болғаны маңызды.
Құрылтай тек заң қабылдайтын мекеме ретінде қалмауға тиіс. Ол республикалық бюджетті бекітіп, оның орындалуын бақылауға, Үкімет мүшелерінің есептерін тыңдауға, парламенттік тыңдаулар өткізуге және мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауға қатысады. Конституциялық сот, Орталық сайлау комиссиясы және Жоғары аудиторлық палата секілді институттарды қалыптастыруға қатысуы да оның саяси салмағын арттырады.
Әлемдік тәжірибенің тағылымы
Бір палаталы Парламент әлемнің көптеген мемлекетінде жұмыс істейді. Алайда әр ел бұл жүйені өзінің тарихи, аумақтық және саяси ерекшеліктеріне қарай қалыптастырған.
Швеция 1971 жылы бір палаталы Риксдаг жүйесіне көшті. Бұл елде заң жобаларын сапалы дайындауда парламенттік комитеттер шешуші рөл атқарады. Финляндияда да негізгі сараптама мен пікірталас комитеттер деңгейінде жүргізіледі. Жаңа Зеландия 1951 жылы жоғарғы палатасын таратып, заң қабылдау мен Үкімет қызметін бақылауды бір палаталы Парламентке жүктеді.
Осы тәжірибелер бір палаталы жүйенің нәтижесі оның құрылымына ғана емес, ішкі жұмыс мәдениетіне де байланысты екенін аңғартады. Кәсіби комитеттер, ашық талқылау, оппозиция құқықтарын сақтау, тәуелсіз сараптама және пәрменді парламенттік бақылау болмаса, ықшам құрылымның өзі тиімділікке кепіл бола алмайды.
Қазақстан үшін де негізгі мәселе палаталардың санында емес, қабылданатын шешімдердің сапасында. Бұрын өңірлердің мүддесін Сенат білдірсе, енді бұл міндет партиялық тізімдердегі аймақтық өкілдік пен депутаттардың жергілікті мәселелерді қаншалықты терең білетініне байланысты болмақ.
Алғашқы құрамға артылар міндет
Алғашқы Құрылтай депутаттарына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Олар жаңа шақырылымның өкілдері ғана емес, жаңа саяси институттың жұмыс дәстүрін қалыптастыратын алғашқы құрам болмақ. Құрылтай регламентінің іс жүзінде орындалуы, үш оқылымдық заң шығару тәртібінің орнығуы, комитеттердің беделі және Үкіметпен қарым-қатынастың жаңа үлгісі солардың қызметіне байланысты.
Алғашқы депутаттардың кәсібилігі, ашықтығы мен қоғам алдындағы есептілігі кейінгі шақырылымдарға өлшем болады. Сондықтан сайлаушының да жауапкершілігі артады. Дауыс берер алдында партиялардың бағдарламаларын, кадрлық құрамын, экономикалық және әлеуметтік бастамаларын, өңірлік мәселелерге қатысты ұстанымын мұқият саралау қажет.
Бір палаталы немесе екі палаталы құрылым мемлекеттің саяси сапасын өздігінен айқындамайды. Негізгі өлшем – сайлаудың әділ өтуі, партиялар арасындағы шынайы бәсеке, депутаттардың кәсібилігі, Үкіметке жасалатын пәрменді бақылау және қоғаммен тұрақты байланыс.
23 тамыздағы сайлау жаңа депутаттарды анықтап қана қоймайды. Ол Қазақстанның жаңарған парламенттік моделіне алғашқы қоғамдық мандат береді. Құрылтайдың шынайы беделі тарихи атауымен емес, халықтың үнін билікке жеткізіп, сапалы заң қабылдап, Үкіметтен нақты есеп талап ете алуымен қалыптаспақ. Реформаның нәтижесі де жаңа органның қаншалықты ықшам құрылғанымен емес, ел мүддесін қаншалықты тиімді қорғай алғанымен өлшенеді.
Нұрлыхан Қалқаманұлы

