Құрылтай – халық үніне жол ашатын жаңа кезең

Просмотров: 13

Қазақ қоғамында елдік маңызы бар шешімдер ежелден кеңес пен келісім арқылы қабылданған. Мемлекеттің тұтастығы, жердің тағдыры, биліктің сабақтастығы мен халықтың бірлігі секілді күрделі мәселелер Құрылтайда талқыланды. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай – жай ғана тарихи атау емес, ұлттың саяси ойлау жүйесі мен ортақ жауапкершілікке негізделген басқару дәстүрінің көрінісі.

Бүгінде Қазақстан ауқымды саяси өзгерістер кезеңіне қадам басты. Әлемдегі геосаяси тұрақсыздық, технологиялық серпіліс және қоғамдық сұраныстың өзгеруі мемлекеттерді басқару тәсілдерін қайта қарауға мәжбүрлеуде. Мұндай жағдайда уақыт талабына бейімделіп, тиімді шешім қабылдай алатын жүйе қалыптастыру – ел дамуының басты шарттарының бірі.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттің тұрақтылығы табиғи ресурстармен немесе экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Дамудың берік негізі – азаматтардың сеніміне ие болған ашық әрі жауапты билік. Қоғам өкілдерінің шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігі кеңейген сайын мемлекеттік институттардың да тиімділігі арта түседі.

Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтайдың құрылуы – халық пен билік арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды саяси қадам. Оның қызметі қоғамның талап-тілегін заң шығару алаңына жеткізіп, азаматтардың мемлекеттік шешімдерге ықпал ету мүмкіндігін кеңейтуі тиіс. Бұл – халықтың үнін еститін мемлекет қағидатын нақты істермен толықтырудың бір жолы.

Әрине, көпшілікті Құрылтайдың күнделікті өмірге қандай өзгеріс әкелетіні қызықтырады. Бұл – орынды сауал. Себебі кез келген реформаның құндылығы оның атауымен емес, азаматтарға беретін нақты нәтижесімен бағаланады.

Жаңа жүйеде қоғамдық бастамалар мен тұрғындардың ұсыныстары заң шығару жұмысының маңызды бөлігіне айналуы қажет. Заң жобаларын талқылаудың ашықтығы артып, депутаттардың қызметіне қоғамдық бақылау күшейеді. Цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы азаматтардың пікірін жинау, ұсыныстарды саралау және шешім қабылдау үдерісін жеделдету көзделеді. Сонымен бірге әр депутаттың қабылданған шешім үшін жеке жауапкершілігі айқындала түспек.

Мұның барлығы қарапайым адамның тұрмысымен тікелей байланысты. Мұғалімнің сапалы білім беруіне жағдай жасау, дәрігердің алаңсыз еңбек етуі, кәсіпкердің кәсібін дамытуы, студенттің келешекке сеніммен қарауы және зейнеткердің әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы – заңдардың сапасына тәуелді. Сондықтан Құрылтай қызметінің нәтижесі қоғамның әр саласынан сезілуі тиіс.

Саяси жаңғырудың құқықтық негізін жаңа Конституция қалыптастырады. Ата Заң мемлекеттің құрылымын белгілеп қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың негізгі кепілі саналады. Оның мазмұнында әділеттілік, заң үстемдігі, адам қадір-қасиеті және мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігі басты орын алуы қажет. Осы себепті конституциялық өзгерістерді жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бастайтын маңызды қадам ретінде бағалауға болады.

Басқару жүйесін жетілдіру аясында бір палаталы Парламент үлгісіне көшу де ерекше мәнге ие. Әлемнің бірқатар елінде мұндай құрылым заң жобаларын қарау рәсімін жеңілдетіп, шешім қабылдау уақытын қысқартуға және өкілеттіктердің аражігін нақтылауға мүмкіндік берген. Ең бастысы, жауапкершілік бір орталыққа шоғырланып, әр депутаттың қызметі қоғам үшін барынша айқын болады.

Алайда кез келген институционалдық өзгерістің табысы тек заңдар мен жаңа құрылымдарға байланысты емес. Реформаның нәтижелі болуы қоғамның қолдауына, азаматтардың белсенділігіне және мемлекетке деген сеніміне тікелей тәуелді. Сондықтан Құрылтайдың негізгі міндеттерінің бірі – ел ішіндегі өзара сенімді күшейтіп, түрлі әлеуметтік топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру.

Қазіргі кезеңде мемлекеттің ең бағалы капиталы – азаматтардың сенімі. Сенім орныққан қоғамда тұрақтылық сақталып, жаңғыру үдерісі жүйелі жүреді. Ал сенім ашық әңгімеден, әділ шешімнен және биліктің халық алдындағы есептілігінен қалыптасады. Құрылтай осы қағидаларды нақты жұмыс тетіктеріне айналдыра алғанда ғана өзінің тарихи міндетін толық орындайды.

Жаңа институттың рухани және ұлттық мағынасы да терең. Құрылтай атауы халқымыздың тарихи жадын жаңғыртып, мемлекет тағдырына ортақ жауапкершілікпен қарау дәстүрін қайта алға шығарады. Бұл – өткенді сол қалпында қайталау емес, бабалардан қалған кеңесу мәдениетін заманауи мемлекеттік басқару талаптарымен сабақтастыру.

Ұлттық тәжірибе мен әлемдік озық үлгілердің үйлесуі Қазақстанның жаңару жолын айқындай алады. Тарихи негізінен ажырамаған, сонымен бірге уақыт талабына жауап беретін саяси жүйе ғана қоғамның сеніміне ие болады. Сондықтан Құрылтайдың мәні оның атауында емес, халыққа қызмет ететін пәрменді институтқа айналуында.

Елдің келешегі әр азаматтың ұстанымы мен таңдауынан басталады. Ертең қандай заңдар қабылданатыны, мемлекеттің қай бағытта дамитыны және қоғамның қандай құндылықтарға сүйенетіні бүгінгі белсенділігімізге байланысты. Азаматтық жауапкершілік – сырттай бақылаумен шектелмей, ел өміріндегі маңызды шешімдерге саналы түрде қатысу.

Құрылтай сайлауы – Қазақстанның саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Оның табысты болуы халықтың бірлігіне, саналы таңдауына және ортақ болашаққа деген жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан ел тағдырына бейжай қарамайтын әр азамат сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауы қажет.

Нұрлыхан Қалқаманұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған