Құрылтай – саяси жаңғырудың жаңа кезеңі

Просмотров: 11

Қазақстан 2026 жылғы 23 тамызда ел тарихындағы жаңа саяси институт – Құрылтай депутаттарын алғаш рет сайлайды. Бұл науқан заң шығарушы органның атауын өзгертумен ғана шектелмейді. Екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы жоғары өкілді орган келіп, депутаттарды сайлау тәртібі, заң қабылдау рәсімі және мемлекеттік институттарды қалыптастыру тетіктері жаңаша сипат алады. Сондықтан алдағы дауыс беру жаңа конституциялық модельдің өміршеңдігін айқындайтын алғашқы саяси сынақ болмақ.

Жаңа Конституцияда Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы ретінде белгіленген. Оның депутаттары жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Демек, жаңа органның саяси беделі мен заңдылығы азаматтардың тікелей таңдауына сүйенеді.

«Құрылтай» атауы қазақтың тарихи жадында ерекше орын алады. Ежелгі кезеңдерде, соның ішінде Қазақ хандығы дәуірінде, құрылтай ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланатын кеңес алаңы болған. Онда ру-тайпа басшылары, билер мен беделді тұлғалар бас қосып, мемлекеттік, әскери және саяси шешімдер қабылдаған.

Әрине, бүгінгі Құрылтай сол тарихи институтты қайталауды көздемейді. Оның негізгі мәні – ұлттық саяси дәстүр мен заманауи парламентаризм арасындағы сабақтастықты таныту. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Парламентке Құрылтай атауын беру туралы ұсынысы да тарихи ұғымды елдің маңызды мемлекеттік институтының символына айналдыруға бағытталған.

Жаңа орган 145 депутаттан құралып, олар бес жыл мерзімге сайланады. Сайлау толықтай пропорционалды жүйе бойынша, яғни саяси партиялардың тізімдері негізінде өтеді. Құрылтай заң шығарумен қатар, Үкімет қызметіне парламенттік бақылау жүргізуге және бірқатар жоғары мемлекеттік институттарды қалыптастыруға қатысады.

Бұрын Мәжіліс халықтың тікелей өкілдігін қамтамасыз етсе, Сенат өңірлердің мүддесін білдіретін. Заң жобалары әуелі Мәжілісте, кейін Сенатта қаралып, екі сатылы сүзгіден өтетін. Мұндай тәртіп заң жобаларын жан-жақты талқылауға мүмкіндік бергенімен, шешім қабылдау мерзімін ұзартып, кей жағдайда екі палатаның қызметінде қайталанатын міндеттердің туындауына себеп болды.

Бір палаталы модельде заң жобалары екі орган арасында жүрмейді. Ендігі негізгі сүзгі – Құрылтайдағы үш оқылым, салалық комитеттердің жұмысы және құқықтық сараптама. Осыған байланысты депутаттардың кәсіби дайындығына, комитеттердің белсенділігіне және заң жобаларын талқылаудың ашықтығына қойылатын талап та күшеймек.

Құрылтайдың құрылуы – мемлекеттік басқару жүйесіндегі елеулі бетбұрыс. Оның тиімділігі жаңа атаумен емес, қабылданатын заңдардың сапасымен, парламенттік бақылаудың пәрменділігімен және қоғам мүддесінің қаншалықты ескерілетінімен бағаланады. Ал 23 тамыздағы сайлау тарихи дәстүр мен демократиялық қағидаларды ұштастырған жаңа саяси кезеңнің бастауына айналмақ.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған