Қарағанды облысындағы 180-нен астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады
Бүгінде Қарағанды облысындағы 39 ауылдық елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Жалпы өңір бойынша 180-нен астам ауылды сапалы интернетпен қамту жоспарланып отыр. Нәтижесінде шамамен 50 мың тұрғын тұратын 22 мыңнан астам үй жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді.

Қарағанды облысының Осакаров ауданында Молодежное – Аманқоңыр учаскесінде талшықты-оптикалық желі тарту жұмыстары жалғасуда.
Қазіргі уақытта мамандар өңір аумағында 217 шақырым магистральдық желі тартты. Жалпы облыста 2,5 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық желі салу көзделген.
Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Құрылыс кезең-кезеңімен аяқталған сайын жаңа ауылдық елді мекендер жоғары жылдамдықты интернетке қосылады.

Жылдам әрі тұрақты интернеттің ауыл тұрғындары үшін маңызы зор. Ол білім алуға және онлайн жұмыс істеуге, мемлекеттік қызметтерді қашықтан алуға, медициналық және әлеуметтік сервистерді пайдалануға кең мүмкіндік береді. Сонымен қатар интернет инфрақұрылымының дамуы ауыл кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндіктер ашып, жергілікті бизнестің дамуына серпін береді.
Бастама ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің тапсырысы бойынша «Қолжетімді интернет» республикалық жобасы аясында «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылуда.
