Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды саяси құжат.
Жолдауда мемлекеттің орнықты дамуы, ұлттық экономиканы нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, бизнесті қолдау, өңірлер арасындағы теңгерімді сақтау және әлеуметтік саланың сапасын жақсарту мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар ел дамуында қордаланып қалған мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған нақты міндеттер мен басым бағыттар айқындалды.
Әсіресе бюджет қаражатын тиімді пайдалану, оның қоғамға нақты пайда әкелуіне мән беру – бүгінгі күннің маңызды талабы. Мемлекет қаржысы халықтың өмір сапасын жақсартуға, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет және инфрақұрылым салаларын дамытуға бағытталуы тиіс.
Кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше мән беріліп отыр. Себебі бизнестің дамуы – жаңа жұмыс орындарының ашылуы, өндірістің артуы, өңірлердің экономикалық әлеуетінің күшеюі деген сөз.
Жолдаудың түпкі мәні – экономикалық өсім мен әлеуметтік жауапкершілікті қатар алып жүру. Мемлекет дамуының нақты нәтижесі әрбір азаматтың тұрмысынан, әр өңірдің өзгерісінен және қоғамдағы мүмкіндіктердің кеңеюінен көрінуі қажет.
Ендігі маңызды міндет – айтылған бастамаларды нақты іске айналдыру. Жолдауда белгіленген мақсаттар мемлекеттік органдардың ғана емес, қоғамның, бизнестің және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігін талап етеді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: Қаражат ең алдымен қоғамға нақты пайда әкелетін, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларға жұмсалуы тиіс. Әрбір жұмсалған қаржының экономикалық қана емес, әлеуметтік тұрғыдан да қайтарымы болғаны маңызды. Осы бағытта бірінші кезекте өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу көзделіп отыр. Сонымен қатар білім беру, спорт және мәдениет салалары бойынша 50-ге жуық жаңа нысанның құрылысы басталады. Бұл — қаражатты тиімді пайдаланып, ел игілігіне бағыттаудың нақты көрінісі, деді.

