Сарыарқаның сом жүрегі: жеңіс пен дәстүр салтанаты
…1944 жылы 31 желтоқсанда Қазақ металлургия зауытының Мартенов цехында (Самарқанд кенті) тұңғыш рет қазақстандық болат балқытылды. Атаулы тарихи маңызы жоғары оқиға республика қара металлургиясындағы тұңғыш көрігінің жарық дүниеге пайда болуымен ерекшеленіп, біртұтас Қазақстанның индустрияландырылуына және экономикалық әлеуетінің өсуіне, оның ішінде, құрыш қала Теміртаудың қарыштап дамуына қыран қанатының құлашындай серпін берді. Биыл отандық болат өндірісінің бастау алғанына 80 жыл толмақ.
Алғашқы арна
Сонымен, қаз басқан металлургия зауытының құрылысы мен болат балқыту үдерісі ІІ Дүниежүзілік соғыстың сұрапыл жылдарында өрбіді. Орнатылған мартен пештері мен жабдықтары Гитлер басқыншылары уақытша басып алған Украинаның, Донбасстың металлургиялық зауыттарынан әкелінді. Металлургия мерейтойы академик, қазақ металлургиялық зауыты, мартен цехы құрылысының бастамашысы әрі кураторы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуымен тұспа-тұс келгені де нышандық мәнге ие. Бұл «Qarmet» даңқының аспандауына жетістік пен өрісті өзгерістің айшықты белгісіндей. Жалпы, Қазақстанда толық металлургиялық айналымы бар кәсіпорын салу идеясы өткен ғасырдың 30 жылдарында Қ.Сәтбаев, М.Русаков, И.Бардин және экономист Л.Спиранскийдің қайраткерлігінің күшімен іске асты. Әуел баста Қазақстанның қақ төріндегі кен және отын базасының жақындығы қызықтырды.
Бастау
Осылайша 1942 жылдың басында Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті қуаттылығы жылына 105 мың тонна болат балқытарлық қуатқа ие зауыт салу және 110,5 мың тонна прокат салу туралы шешім қабылдады. 1943 жылы 30 сәуірде зауыттың құрылысы басталды. Жауапкершілік Қазақ КСР Үкіметіне жүктелді. Ал, 1944 жылы 20 қыркүйекте Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесі зауытта жұмыс істеуге 2000 адамды жұмылдыру туралы қаулы шығарды, олардың көпшілігі Оралдың металлургиялық кәсіпорындарында оқудан өтті. Соғыстың ең қиын кезеңінде инженер мен жұмысшылар қатал климат пен қат-қабат қиындықтарға қарамастан зауыт құру үшін аянбай еңбек етті.
1944 жылы 30 желтоқсанда бірінші мартен пеші жасақталып, келесі күні тұңғыш рет болат балқытылды. Бұл шараға сол кездегі Қазақ Кеңестік Социалистік республикасы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Дінмұхамед Қонаев бастаған мемлекеттік комиссия арнайы қатысты. Бірнеше күннен кейін И.Сталин жұмысшылардың еселі еңбегіне алғысын білдіріп, Қазақстанның одан әрі өндіріс өрісіне табыс тілей отырып, құрылыс нысанының сәтті аяқталуымен құттықтау хат жолдады. Соғыс жылдарында бұл жетістік атаусыз қалмады. Құрылысшылар мен металлургтер 1946 жылы жоғары марапатқа ұсынылды. Ленин орденімен «Қазметаллургстрой» трестінің басқарушысы Виталий Белов, зауыт директоры Василий Бакст, бригадирлер Үкен Тұрмағамбетов және Дәку Әбдиев, Еңбек Қызыл Туы орденімен тас қалаушы Каукер Алупкененова, механика цехының басшысы Тихон Тихонов, болат балқытушы Алтынбек Дәрібаев марапатталды.
Бастапқыда цехтың жобалық қуатын игеру қиын болды. Ұжым негізінен Орал кәсіпорындарында оқыған жас жұмысшылардан жасақталған. Тәжірибелі металлургтер дәріс те берді. Нәтижесінде А.Дәрібаев, С.Кәкенов, Ф.Ващенко, К.Сәденов, П.Ұбайдуллаев сынды болат балқыту ісінің һас төбелдері төбе көрсетті.
Жеңіс
Сөйтіп, дәріпті дәстүрімен қазақ металлургиялық зауыты ұлттық кадрлардың ұстаханасына айналды. 1950 жылы мартен және айналым цехтарында қазақ ұлтынан 322 адам жұмыс істеді. Социалистік Еңбек ерлері Е.Байғазиев пен М.Мүсілімов, Ленин ордендерінің кавалерлері Б.Ақтаев пен М.Мұсаханов елге кеңінен танылды. Инженерлік-техникалық қызметкерлер техника ғылымдарының кандидаттарына айналып, өндіріс пен ғылымда жоғары лауазымдарға ие болды. Олардың ішінде М.Ақбиев, Н.Ешмұхаммедов, А.Қонаев және өзгелері бар-тұғын. 1950 жылы мартен цехы жылдық жоспарды шұғыл түрде орындады. 1956 жылдан 1958 жылға дейін болат балқыту пешінің қуаты мен көлемі ұлғайтылды. Ал, 1962 жылы 90 тонналық төртінші мартен пеші іске қосылды. Бара-бара зауыт республика мен Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының алдыңғы қатарлы кәсіпорындарының біріне айналды. 1970 жылы Қазақ металлургия зауыты Қарағанды металлургия комбинатының құрамына еніп, жылына 401,6 мың тонна болат өндірерлік межеге жетті. Бұл – бастапқы жобалық қуаттан 3,8 есе жоғары.
Бұл уақытта, Ескендір Валеев, Сұлтан Кәкенов, Федор Ващенко, Алтынбек Дәрібаев, Арғын Жүнісовтердің есімдері елге мақтан болды. Болат құймасы мен қалыбын шығару жөніндегі жоспарларды орындау барысында Валентина Окишева, Валентина Целых, Татьяна Куликова, Ольга Дрючко, Мария Жужлова, Ефросиния Лукасевич, Агриппина Рыжова, Мария Попова, сондай-ақ, сифоншылар Надежда Ладынская, Мария Целкова, Галина Хожанковалар еселі үлес қосты. Мартен цехының ұжымы нығайып, біріге түсті.
80-ші жылдардың ортасында жоғары техникалық оқу орнының және металлургия училищесінің түлектері Николай Бабиев, Владимир Даниленко, Виктор Ким, Өтеген Ғабдуллин, Сергей Федотов, Айтқали Бекетов және Ершат Шүкіманов жұмысқа қабылданды. Олар тәжірибелі тәлімгерлер мен инженерлердің жетекшілігімен Марк Шуголь, Карат Рузаев, тәжірибелі болат балқытушылар Еламан Байғазиев, Олжабай Иманбаев, Николай Верхотуров, темір құю шеберлері Бірімжан Ақтаев, Геннадий Пак, Анатолий Есин, инженер-металлургтер Александр Берг, Сұлтан Садырбаев, Михаил Гудалин, Анатолий Смирнов, Петр Котельников, Василий Ботов сынды һас шеберлерден тәлім алды.
Жаңғырық
1985 жылдың қыркүйегінде №2 мартен цехында КСРО-да алғашқы көлденең қалыптау машинасы орнатылды. Болашақта жүйе қайтадан жасақталып, нәтижесінде болат құюдың тиімділігі едәуір жақсарды. КСРО қара металлургия министрлігінің арнайы өкілі В.Лисин, бас инженер В.Кармет саланың дамуына елеулі еңбек сіңірді.
Тоқсаныншы жылдардағы кезең күрделі болды. Болат ошағына мол инвестиция ауадай қажет еді. Керісінше бұл шақта цехтардың жаппай жабылуы орын алды. Сондай-ақ, өндіріс қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау түйткілдері өндірістік көрсеткіштер мен болат шығару көлемінің 2 млн. тоннаға дейін төмендеуіне әкелді.
1995 жылдан бастап металлургиялық комбинаттың активтерін шетелдік инвесторлар иеленген шағында «Испат Кармет», содан кейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ретінде белгілі болды. Бұл кезеңдерде болат өндірісі жылына 4 млн. тоннадан асты.
2023 жылғы 8 желтоқсанда «Qarmet» отандық инвесторының келуімен болат өндірісінің көлемі 5 млн. тоннаға дейін қалпына келтіріліп, ұлғайтыла отырып, металлургиялық комбинатты дамытудың жаңа кезеңі басталды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ