Тәтті тағамның ащы салдары

Просмотров: 27

Қазақстанда «қант диабеті» диагнозы қойылғандар қатары көбейіп барады. Биылғы дерек бойынша 500 мыңға жуық науқас тіркелген. Жаңа мыңжылдықтың басында 10 742 науқас болса, бүгінгі таңда – 496 210 науқас. Ауруға шалдыққандар 45 есе өскен. Дәрігерлердің дабыл қағатын жөні бар. Себебі, 2030 жылға қарай қант диабетімен ауыратындар 800 мыңнан асады деген болжам бар.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Бұл Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінің көпшілігінің мәселесіне айналып отыр. Бұл, ең алдымен, адам баласының өмір салтының түбегейлі өзгеруіне байланысты. Статистика балалар мен жасөспірімдер арасында сырқаттанушылықтың өскенін, қант диабетінің асқынуынан болатын өлім-жітімнің де артқанын көрсетеді.

Облыстық клиникалық ауруханасының эндокринология бөлімінің меңгерушісі Зарема Тұтқышбаеваның айтуынша, Қарағанды облысы бойынша 36 мыңнан астам адам қант диабетіне шалдыққан. Олардың 400-ден астамы – балалар мен жасөспірімдер.

– Тіркелген науқастардың 95%-ы – екінші тип, 5%-ы – бірінші типке жатады. Инсулин қабылдайтындары – 9 мың адам. Оның 7 мыңы – екінші тип, қалғаны – бірінші тип науқастар. Негізі, Қарағанды облысы қан диабетін анықтау жағынан ел бойынша алдыңғы қатарда. Бізде аурудың диагностикасы жоғары. Қант диабетінің таралуы адамның ішіп-жегеніне тікелей байланысты, – деді Зарема Тұтқышбаева.

Дәрігердің айтуынша, тәтті сусын, фаст-фуд осы дертке алып келіп жатыр.

– Адамның тамақтану культы өзгерген. Балалардың не ішіп, не жеп жатқанына бақылау жоқ. Артық салмағы бар балалар көп қазір. Пироженое, торт, печеньенің неше түрі сатылымда бар. Адам ештеңе мазаламаса да, тексеріліп тұруы керек. Қандағы қантты тексеру қиын емес, нәтижесін бірден білесің, – дейді ол.

Зарема Мырзахметқызының айтуынша, қант диабетін анықтау үшін гликирилді гемоглобин тапсыру керек. Ол соңғы үш айдағы қанның құрамындағы қантты көрсетіп береді.

– Қант диабетінің екі типі және жүктілік кезінде пайда болатын гестационды түрі болады. Жүктілік кезінде балаға берілмеуі мүмкін, бірақ, оның құрсақта дұрыс дамуына тигізер залалы бар. Осыдан түрлі бұзушылықтар, фетопатия туындауы мүмкін. Қан тапсырғанда қант деңгейі 6-ға дейін болса, жақсы. 6,9 дегеніміз – қант диабетінің алды, 7 – қант диабеті. Артық салмаққа мән беру керек. Оны масса индексі арқылы есептеп алуға болады. Әлемдік мамандар әйел адамның белінің өлшемі – 80 см, ер адамдардікі – 90 см болуы керек деп айтады. Қант диабеті жазылады, оған үнемі дәрі ішеді, саламатты өмір салтын ұстанады, – дейді дәрігер.

Қант диабеті – соқырлықтың, бүйрек жеткіліксіздігінің, инфаркт пен инсульттің негізгі себебі. Қант диабетінің профилактикасын көп жағдайда ұсыныс деп емес, өмірлік қажеттілік деп қабылдаған жөн.

Мәселе Мәжіліс мінберінен де айтылды. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қант диабетіне шалдыққандардың жыл сайын артып келе жатқанын айтып, Үкімет басшысына шара қабылдау қажеттілігін көтерді.

Ол өзінің депутаттық сауалында қант диабетімен күресу бойынша ұлттық бағдарламалардың жоқтығын алға тартты.

– Күн сайын қант диабетімен ауыратын 100-ден астам жаңа науқас тіркеледі. Ересек халықтың 6%-ға жуығы 2 типті қант диабетінен зардап шегеді. Бұл – мемлекет үшін үлкен қаржылық жүктеме. Тікелей медициналық шығындардан бөлек, денсаулығынан айрылып, еңбекке жарамсыз болып қалған, мүгедек болып қалған науқастарға жәрдемақы төленеді. Соның барлығына жыл сайын кемінде 436,4 млрд. теңге жұмсалады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді, – деді депутат.

Елдегі гемодиализдегі науқастардың жартысына жуығын, 49%-ын қант диабетімен ауыратындар құрайды. Диабеттік ретинопатиямен ауыратын науқастардың 41%-ы көру қабілетіні төмендегендіктен, диспансерлік есепте тұрады.

Мамандар Қазақстанда қазіргі заманғы глюкозаны төмендететін дәрілердің барлық дерлік түрлері қолданылатынын айтады. Оған бөлінетін қаражат та жыл сайын артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, қант диабеті денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың жалпы көлемінің 21%-ын алады. Науқастарды дәрі-дәрмекпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етуге 2022 жылы 38 млрд. теңге, 2023 жылы 45 млрд.теңге, 2024 жылы 56,3 млрд.теңге бөлінді. 2025 жылға болжамды қажеттілік 70 млрд. теңгені құрап отыр.

Десе де, науқастар қатары азаяр емес. Мәселені көтерген депутат Ирина Смирнова қант қосылған алкогольсіз сусындарға қосымша салық енгізу жайлы ұсынысын да білдірді.

Оның айтуынша, бұл салық енгізілсе, отандық сарапшылар калориясы жоғары сусындарды тұтынуды азайтып, сол арқылы елімізде, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында семіздікке шалдығудың санын азайтуға мүмкіндік туар еді. Қазірдің өзінде мұндай салық түрі әлемнің 65 елінде енгізілген.

– Жылына 2 миллиард 400 миллион литр қант мөлшері жоғары сусындарды өндіру кезінде литріне салынатын 20 теңге салық қант диабетін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бюджетін 1,45 есе жабуға мүмкіндік береді, – деді Ирина Смирнова.

Дерттің таралып қана қоймай, оның салдарынан туындайтын асқынулардың көбеюі мамандарды алаңдатады. Диабеттік ангиопатияға байланысты жылына 1 894 аяққа ампутация жасалады екен. Бұл ретте ауыр ампутациядан кейінгі науқастардың бес жылдық өмір сүру деңгейі 24% құрайтынын да айта кету керек. Одан бөлек, қант диабеті себебінен көз жұматындар да көбейгенін көруге болады статистикалық деректерден.

Қан мөлшері жоғары алкогольсіз сусындарға салық енгізуге қатысты талқылаулар елімізде екі жылдан бері жүріп жатыр. Әлі де нақты шешім шығар түрі жоқ, ал, бұл уақытта қант диабетіне шалдыққандар күн санап көбеюде. Сондықтан, дәл қазіргі уақытта абзалы – әр адамның жеке жауапкершілігін арттыру. Оған салдарымен ғана күресетін минис­трлік те, миллиондап табыс тауып отыр­ған бизнес те басын ауыртпайды. Денсаулық әркімнің өзіне керек.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған