Декларацияның дегені жүреді

Просмотров: 34

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленетінін айтқан болатын. Оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылуға тиіс деп, нақты тапсырма да берді. Осыған сәйкес, Мемлекет басшысы Салық кодексіне түзетулерге қол қойған болатын. Өзге де түзетулермен қатар, жаңа кодексте декларация мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, биылғы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей тапсырылуы қажет жалпыға бірдей декларациялау және кірістер мен мүлік туралы декларация шеңберінде салық есептілігін табыс етудің бірыңғай мерзімі белгіленді. Одан бөлек, 2024 жылдың 1 қаңтарынан Жалпыға бірдей декларациялау жөніндегі науқанның үшінші кезеңі басталғанын айту керек. Мұндағы негізгі міндет – сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру және әділ салық салуды қамтамасыз ету мен әлеуметтік саясатты жетілдіру болып отыр.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Негізі, жалпыға бірдей декларация 2021 жылы енгізілген және төрт кезеңнен тұрады.

Алдымен, мемлекеттік қызметшілер, олардың жұбайлары және оларға теңестірілген адамдар тапсырды. «Неліктен мемлекеттік қызметшілерден басталды?» десек, олар халықтың ең дайындалған санаты екенін айту керек. Атап айтқанда, бұған дейін мемлекеттік қызметшілер атауы басқаша болғанымен, жыл сайын декларация тапсырған еді. Олар кірістерін, сондай-ақ, ірі сатып алулар мен сатылымдарды да көрсетіп, жыл сайын есеп беріп отырған.

Декларацияның екінші кезеңі 2023 жылы басталды. Ол мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне, мұғалімдерге, дәрігерлерге, спортшыларға, бюджет қызметкерлеріне, олардың жұбайларына және тағы басқаларына қатысты болды.

– Бірінші және екінші кезең бойынша жалпыға бірдей декларациялауға 160 мыңнан астам адам кірді. Олар – мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, олардың жұбайлары. Сондай-ақ, бюджеттік ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың және олардың жұбайлары. Олар 2023 жылға арналған жеке табыс салығы бойынша 270 нысанды декларацияны тапсыруы қажет, – дейді Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Алданыш Адамбеков.

Алданыш Мейірханұлының айтуынша, 270-нысан жеке тұлғалар туралы ақпараттан тұрады. Оған сәйкес, декларация тапсырушылар кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістерді қоспағанда, жеке тұлғаның дербес салық салуға жататын табыстарын, салық шегерімдерін, жиынтығында 1000 айлық есептік көрсеткіштен асатын сомада ел шегінен тыс орналасқан шетелдік банктер шоттарындағы ақшаның сомасы, шет мемлекетте тіркелген мүлік, инвестициялық алтын, шетелдік компанияға қатысу үлесі және тағы сол сияқтылар көрсетіледі.

Ал, мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар мүлікті сатып алу және иеліктен шығару туралы, жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік құралдары мен тіркемелер және тағы сол сияқтылар бойынша есеп берулері тиіс.

Ал, үшінші кезеңде жалпыға бірдей декларацияны заңды тұлғалар мен құрылтайшылар, олардың жұбайлары, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер тапсырады. Бұл ретте заңды тұлға жеке кәсіпкер ретінде жұмысын тоқтатса да, декларацияны кез келген жағдайда тапсыру қажет екенін атап өту маңызды.

– Алдын ала мәліметтер бойынша, жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінде облыс бойынша 118 мыңнан астам жеке тұлға тапсырады деп күтілуде. Бүгінде олардың 31 пайызы тапсырды, – дейді Алданыш Адамбеков.

Алданыш Мейірханұлы биылғы жылғы 1 шілдеден Салық кодексіне жеке санаттағы адамдардың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны табыс етуден босату бөлігінде өзгерістер енгізілгеніне де тоқталды. Айтуынша, 2024 жылғы 1 қаңтардан коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшылары мен акционерлері активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны ұсынудан босатылған.

Жалпыға бірдей декларациялаудың соңғы аккорды – 2025 жылы аяқталады. Оған 18 жасқа толған барлық қазақстандықтар кіреді. Яғни, қатарда студент те, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да, тіпті, үй шаруасындағы әйелдер бар.

«Декларациялаудың соңғы кезеңінде зейнеткерлер де, тіпті, Қазақстанда отырып, табыс тауып отырған шетелдіктер де бұл міндеттен айналып өте алмайды» дейді Алданыш Мейірханұлы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған