Қаперсіздік баланы қатерге ұрындырады

Просмотров: 38

Жыл сайын көктем-жаз маусымының бас­талуымен балалардың терезеден құлау жағдайлары жиі тіркеледі. Осы орайда өткен брифингте төтенше жағдайлар департаменті мамандары судағы өзін-өзі ұстау ережелері және балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу жайын баяндады.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ерасыл Сайпаштың айтуынша, құлау ересектердің балаларға немқұрайлы қарауынан, терезеде құлыптардың болмауынан орын алады. Сондай-ақ, балалардың құлауына терезелерге өздігінен көтерілуге мүмкіндік беретін жиһаздың дұрыс орналаспауы да себеп. Маскит торлар да жазатайым оқиғаға жиі ұшыратады.

– Жыл сайын облыс бойынша балалардың терезелер мен балкондардан құлау салдарынан 20-25 жағдай орын алады. Департаментке келіп түскен мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні облыс аумағында балалардың терезеден құлауының 17 жағдайы орын алды (Қарағанды – 8, Теміртау – 3, Балқаш – 3, Шахтинск – 1, Приозерск – 1, Саран – 1). Екі бала қаза тапты.
Ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыру фактілерін болдырмау бойынша 512 көпқабатты тұрғын үй адамдары назарына 418 жиын және 482 рейд өткізілді, – дейді Ерасыл Сайпаш.

Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда облыста су айдындарында рұқсат етілген 89 көпшілік демалыс, туризм және спорт орындары анықталды. Барлық коммуналдық жағажайлар тегін. Суға түсу маусымында суға батудың 5 оқиғасы тіркелді. Барлық жағдайлар жабдықталмаған суға түсу аймақтарында орын алған. Судағы өлім-жітімнің негізгі себебі тұрғындардың, әсіресе, балалардың судан сақтану туралы хабарының болмауы.

Осы уақытқа дейін көпбалалы отбасылардың терезелеріне 27 қорғау құралдары орнатылды. Дегенмен, көпшілік ата-аналар әлі де үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдыруға болмайтынын ескермейді. Баланың терезеге көтерілмеуі және құлап кетпеуі үшін жиһазды терезелердің жанына қоюға болмайтынын да естен шығарады. Мамандардың айтуынша, бала терезені өздігінен аша алмайтындай етіп, терезелерге блокаторларды немесе кілті бар терезе құлыптарын орнату керек.

Брифинг соңында ата-аналарға балалардың үйдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды үнемі қадағалау қажеттілігі туралы ұсыныстар берілді.

Аяулым СОВЕТ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған