Бабаларымыз шаңырақты кие тұтқан

Просмотров: 33

Шаңырақты қайың ағашын иіп отырып жасайды.

Шаңырақ – киіз үйдің ең жоғарғы әрі маңызды бөлігі, күмбез тәрізді дөгелек шеңбер. Шаңырақ керегеге байланған уықтардың ұшын біріктіріп ұстап тұрады. Шаңырақ киіз үйге жарық түсіріп, пештің түтінін сыртқа шығарады.
Шаңырақтың бөлшектері:

Тоғын – шаңырақтың шеңбер бөлігі. Қатты ағаштан жасалып, өрнектеледі.
Күлдіреуіш – шаңырақтың күмбезді бөлігі. Сәмбі талынан иіліп жасалады. Әр иінде сегіз күлдіреуішке дейін болады.
Беріктік не кепілдік күлдіреуіштер орнынан тайып, қозғалып кетпеуі үшін орнатылады, өрнектеледі.
Шаңырақтың көзіне уықтың қаламы кіріп тұрады. Тоғын мен беріктікті шаңырақтың ішкі жағынан өрнектейді.

Шаңырақты қайың ағашын иіп отырып жасайды. Ағаштың қабығын аршып, көлеңкеде кептіреді де, ыстық күлге көміп жұмсартады. Ағашты жонып, тезге салып иіп, шеңбер пішініне келтіреді. Күлдіреуіштердің дөңес жағын үстіне қаратып, шеңберге бекітеді. Шаңырақтың екі бүйірінен екі желбау байланады. Көне түркілер шаңыраққа белгі соғып, уақытты білетін сағат есебінде пайдаланған.
Қазақ халқы үшін «шаңырақ» сөзі қастерлі ұғым. Бір сөзге бірнеше ұғым сыйдырған. Ертеде халық санын шаңырақ арқылы анықтаған. Бір отбасыны бір шаңырақ деп есептеген. Кезінде әр үйге «шаңырақ салығы» салынды. Атадан балаға қалған үйді «қара шаңырақ» деп кие тұтқан. Үйдің жасы үлкендері енші алып, бөлек үй болып кеткенде кенже ұл әке қолында қалып, қара шаңырақ иесі атанады.
Ер мен әйел отау құрғанда «шаңырақ көтерді» дейді. Жұбайларға «шаңырақтарың биік болсын, берік болсын, шаттыққа толсын» деп тілек айтады. Дауласпақ болған адамды «шаңыраққа қара», «шаңырақты сыйла» деп тоқтатқан.
Шаңырақ Қазақстан елтаңбасында бейнеленген. Онда «Шаңырақ: Әлемнің тұтастығын, ошақтың амандығын, білдіреді, бүкіл қазақ елі үшін тіршіліктің, шексіз өмірдің нышаны» делінген.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған