Алаяқтықтың жаңа түрі: Электронды поштаңызға фейк хабарлама келсе, не істеу керек

Просмотров: 25
Алаяқтар елді алдаудың жаңа жолын тауыпты. Олар адамдарға салық қарыздарын төлеуді талап ететін хабарламалар жіберуде, деп хабарлайды 247media.kz

Stopfake.kz сарапшылары алаяқтар хатын қалай ажыратуға болатынын және мұндайда қауіпсіздік сақтау үшін не істеу керектігін айтты.

«Киберқылмыскерлердің «салық хабарламалары» туралы алғаш рет 2023 жылдың соңында пайда болды. Бұл схема туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Содан бері әлеуметтік желіде алдаудың бұл түріне тап болған жандар туралы талай рет жазылып келеді. Осындай жағдайға душар болмау үшін не істеу керектігі туралы төменде баяндаймыз», – дейді мамандар.

Бұл схема қалай жүзеге асырылады

Фейк «салық хабарламалары» ықтимал жәбірленушінің электрондық поштасына келеді. Онда «қарызды» қысқа мерзімде өтеу талап етіледі. Сондай-ақ, төлем жасауға болатын тікелей сілтеме ұсынылады. Ал ол сілтемені басқан адамдар ақшаны бірден алаяқтарға аударады.

Сізді алдап жатқанын қалай түсінуге болады

Салық хабарламалары электрондық пошта арқылы жіберілмейтінін ұмытпаған жөн.

Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы ресми ақпаратқа сәйкес, хабарламаларды пошта арқылы тапсырысты хатпен, арнайы мобильді немесе веб-қосымша не болмаса «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының сервистері арқылы жіберуге болады.

Не істемеген жөн

Белгісіз біреулерден келіп түскен электрондық хаттарды ашпаңыз. Мұндай хабарламаларды оқымай бірден өшірген дұрыс. Ал егер оны ашып қойсаңыз, онда тіркелген сілтемелер бойынша өтпеңіз және файлдарды жүктемеңіз. Олар алаяқтық сайттарға апаруы немесе зиянды бағдарламаларды қамтуы мүмкін.

Нақты қарыздың бар-жоғын қалай тексеруге болады

Төленбеген салықтар мен айыппұлдардың бар-жоғын Kaspi.kz, Halyk Bank және E-Salyq Azamat сервистері арқылы білуге болады:

  • Kaspi.kz – Барлық төлемдер → Айыппұлдар мен салықтар → Салықтар → Салықтар бойынша қарыздар → Тексеру;
  • Halyk Bank – Барлық төлемдер → Салықтар, айыппұлдар, ХҚКО қызметтері → Салықтар → Салық берешегін төлеу (көлік, жер және мүлік) → Тексеру;
  • e-Salyq Azamat – Электрондық сервистер → Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек сервисі → ЖСН енгізу → Табу.

«Сақ болыңыз және естен шығармаңыздар: егер біреулер қашықтан төлем жасауды ұсынса, барлығын мұқият тексеріп алыңыз, бұл алаяқтардан ақшаны қайтаруды талап етуден гөрі оңай».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған