Тоқаев: Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір

Просмотров: 30
2024 жылғы 17 қыркүйекте Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің екінші кездесуі өтіп жатыр. Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның неміс нарығына шығаратын экспорты жайлы айтты, деп хабарлайды 247media.kz

Президент ортақ мүдделерге ден қоя отырып, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды

«Бірінші – тауар айналымын ұлғайту. Бірлескен өңірлік жобаларды тиімді іске асыру есебінен сауда көрсеткішін арттыру, тауарлар номенклатурасын кеңейту – маңызды міндет. Мәселен, Қазақстан Германияға сомасы 850 миллион долларды құрайтын тауардың 100 түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайтуға дайын», – деді Мемлекет басшысы.

Президент энергетикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуді келесі басымдық ретінде атады.

Мәселен, Германияға энергетикалық ресурстардың сенімді әрі ірі жеткізушілерінің бірі ретінде Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір екенін баса айтты.

«Көмірсутегін ұзақмерзімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуде германиялық серіктестеріміздің қолдауына алдағы уақытта да сүйенеміз. Елдеріміздің орнықты дамуы үшін энергияның баламалы көздеріне ауысудағы бірлескен қызметімізді жандандыра түсу маңызды деп санаймын. Сутекті энергетика саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Еліміз Өзбекстанмен және Әзербайжанмен Каспий теңізінің табаны арқылы Еуропа елдеріне қарай «жасыл» энергетиканы жеткізу желісін салу жобасын пысықтап жатыр. Германиялық серіктестерге осы стратегиялық жобаға қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президенттің Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің кездесуіне қатысқаны хабарланды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған