ҚР Президенті Германияның ғылым-білім қауымдастығын бірқатар бағыттарда ынтымақтастықты нығайтуға шақырды
Қасым-Жомарт Тоқаев климат өзгеруінің салдарымен күресу, экологияны жақсарту, су-энергетика саласының тиімділігін арттыру мәселесінде Германия ұзақ жылдар бойы Орталық Азия елдерінің сенімді серіктесі болып келе жатқанын айтты.
«Қазақстан қазір Халықаралық Аралды қорғау қорына төрағалық етіп отыр. Осы ретте Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы мен Орталық Азияның орнықты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғаудың өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында серіктестікті жандандыруды ұсынады. Біздің пікірімізше, Қордың қызметі өңірдегі орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етеді. Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құру жөніндегі бастама өте өзекті. Бұл бастаманы бүгінгі кездесуге қатысушылардың бәрі қолдайды деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ғылым-білім саласындағы байланыстың дамуын маңызды міндет ретінде атап өтті. Қазақстан Президенті Германияның ғылым-білім қауымдастығын жасанды интеллект, цифрландыру және «жасыл» технология сияқты перспективті бағыттарда ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
Бұған дейін Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданғаны белгілі болды.