Тимур Әбілқасымов жаңа қызметке тағайындалды
Мемлекет басшысының өкімімен Тимур Бөкейханұлы Әбілқасымов Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Тимур Әбілқасымов 2011 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын «бизнес экономикасы» және «мемлекеттік саясат экономикасы» мамандықтары бойынша бітірді. Лондон бизнес және қаржы мектебінде «тәуекел-менеджмент» мамандығы бойынша МВА дәрежесін алған.
Тәуекелдерді басқару жөніндегі кәсіби мамандардың жаһандық қауымдастығы (Financial Risk Manager) халықаралық сертификатының иегері. Бұдан басқа, Тимур Әбілқасымовтың операциялық тәуекелдер, Базель III және Data science бойынша сертификаттары бар. Сондай-ақ ол «Қазтеміртранс» АҚ және «Kazakhstan Energy Reinsurance Company» директорлар кеңесінің мүшесі лауазымын атқарғаны белгілі.
М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ-да аға оқытушы болып жұмыс істеді.
Тимур Әбілқасымов «Radius Advisory Lab» ЖШӘ консалтингтік компаниясының әріптесі лауазымын атқарды, онда ол Қазақстанның және Өзбекстанның коммерциялық банктеріне және ірі холдингтеріне тәуекелдерді басқару, корпоративтік басқару және ХҚЕС стандарттарын енгізу жүйелерін жетілдіру мәселелері бойынша консультация берді.
Квазимемлекеттік сектор компанияларында және ЕДБ-да жұмыс істеді, ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшесі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы Мәдина Әбілқасымованың кеңесшісі болды.