«Н мен ң-ді айыра алмайтын ұрпақ». Тинейджерлердің тілі неге шұбар?

Просмотров: 26

Тинейджерлердің, яғни жасөспірімдердің тілін интернет тілі деп те атайды. Олардың тілінде сленг, жаргон және қысқартулар көп. Өздеріне жақсы болғанымен, педагогтер тарапынан олардың жазба сауаттылығына жиі сын айтылады.
Шұбар мәселе мектепте «Сауат ашу» пәнін енгізу арқылы шешіле ме? Жастардың тілін түзеген жөн бе, әлде бұлай сөйлеу дұрыс па? 

Назгүл Қожабек, тіл маманы және Steppe&World баспасының бас редакторы:
– Балалардың тіл сауатын қалыптастырудың жалғыз жолы бар. Ол – балаларды сөйлету, балаларға мәтін оқыту және мәтін жаздыру. Қазіргі мектеп бағдарламасында бұл үшеуі де тым аз, тіпті мүлде жоқ деуге болады. Балалар кітап оқымайтын, оқығанын айтып бере алмайтын, ойын қағазға түсіре алмайтын адам болып өсіп келе жатыр.
Бұл жағдайдан шығу жолы да біреу-ақ: мектепте диктант, мазмұндама жаздыру. Балаларды сөйлеуге, ойын айтуға әуестендіру үшін оқырман клубтары, киноклубтар ұйымдастыру. Ал ең басты жолы – әрине, отбасындағы коммуникация. Бала ең алдымен әке-шешесімен сөйлеседі. Дастархан басындағы әңгіменің маңызы мектептегі сабақтан да зор. Әрине, ол үшін ата-ана өзі сауатты болса игі. Ал WhatsApp мессенджерінде баласына қате не орысша жазатын, әлеуметтік желідегі аккаунттарында сауатсыз жазатын ата-ананың баласына өкпе де жоқ.

Назым Сапарова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Балалардың сауатын арттыру үшін мектеп бағдаралмасына диктант пен мазмұндаманы қайта енгізу керек. «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиетінен» бөлім және тоқсан бойынша жиынтық бағалау бар. Биыл күнтізбелік тақырыптық жоспарға диктант енгіздім. Жиынтық бағалаулар оқушының сауаттылығын, логикалық ойлауын арттырады, дегенмен қазіргі таңда бізге сауатты жаза алатын балалар керек.
Жасөспірімдер сленг сөздермен сөйлейді. Оқушылар алғашында маған жаза бастағанда олардың тіпті қазақша пернетақтасы болған жоқ. Содан кейін балаларға «хабарлама жазатын болсаңыздар, міндетті түрде қазақша қаріппен жазыңыздар» деп талап қойдым. Оқушыларым пернетақтаны жүктеп, қазақша жазып үйренді. Өзім де сауатты жазуды үйрендім.
Қазіргі кезде балалардың ең өзекті мәселесі – сөйлем құраған кезде баяндауышы басында, бастауышы соңында жүреді. «Н» мен «ң» әріптерін, «ү» мен «ұ» әріптерін айыра алмайтын кездері болады. Сондықтан да балалардың жазба сауаттылығын дамыту үшін тыңдайтын диктант қана емес, конспект жасайтын диктант жаздыру керек. Балалар бастауыш сыныптардан бастап мектеп бітіргенше диктант, мазмұндама жазса, өз пікірін білдіруді үйреніп, сауатты адамға айналады деп ойлаймын.

Батырбек Әлімжан, аудармашы және «Жаңасөздік» жобасының негізін қалаушылардың бірі:
– «Cленг бізге керек пе, керек емес пе» деп талқылаудың өзі қате деп ойлаймын. Оны ешкім реттей алмайды, ол кез-келген тілде болатын құбылыс. Тіл қолданылатын барлық жерде көше тілі, жаргон тілі, сленг және жастардың тілі міндетті түрде болады. Одан бас тарту, оны жою мүмкін емес. Сленг – әрбір тілдің бір бөлшегі. Әсіресе, тинейджерлердің тіліне тыйым сала алмаймыз. «Сен олай сөйлеме» деп айту мүмкін емес. Жасөспірімдер бәрібір тыңдамайды. Бір-бірімен әңгімелескенде өз тілінде сөйлей береді. Бірақ, мектепте мұғаліммен сөйлескенде, ресми шараларда, әлбетте, дұрыстап сөйлеуі керек. Оларға мұны ұрыспай, өзі түсінетіндей етіп жеткізу қажет.
Сленг сөздер кез-келген тілде бар. Атап айтқанда, ағылшын тілінде бұл құбылыс қатты дамыған. 20-30 жыл бұрынғы сленг қазіргі тілдің формасына сіңіп кетті. Кейбірі жаңадан шығып жатыр. Қазіргі сленгтер уақыт өте келе тіл нормасына айналуы мүмкін. Бұл – тілдің табиғи даму процесі. Оған тыйым салу, мойындамау – ақылға сыймайтын нәрсе.
«Сауат ашу» деген сөздің өзі мүлде кітап оқымайтын, мектепке бармаған адамға арналған нәрсе сияқты болып естіліп тұр. Біз айтып отырған дүниенің бәрі мектепте дұрыстап оқытылуы керек. Яғни, тіл тазалығын мектепте қалыптастыру қажет. Қазіргі кезде «н» мен «ң» дыбысын ажырата алмайтындар, «калькамен» сөйлейтіндер, қазақша қаріпті қолданбайтындар көп. Бұған сленгтің еш қатысы жоқ. Бұл – нақты білім беру саласындағы олқылық, мектепте дұрыс білімнің болмағанынан деп ойлаймын. Сол үшін мұғалімдердің білі мен біліктілік сапасын көтеру керек. Балаға үлгі болып отырған олардың өзі қателеспеуі тиіс. Баланың тілді әрі қарай пайдалануы мұғалімнен алған біліміне байланысты болмақ.
Қазақ сленг сөздігі – Janasozdik халық арасында бұрыннан бар сленгтерді жинап қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жаңадан сөздер құрады. Ол күлкілі болуы шарт емес, ой салатын, аянышты не ауыр сөздер болуы мүмкін. Мысалы, сайлауда бәсеке иллюзиясын жасау үшін тағайындалған үміткерді «сәндидат» деп атадық.
Тіл тазалығын сақтауды жастарға арту дұрыс емес. Мәселені шешуді жоғарыдан бастау керек. Мұны мемлекет деңгейінде Оқу-ағарту министрлігі, Тіл білімі институты сияқты мекемелер қолға алғаны абзал. Қазіргі заманға сай қажет сөздерді уақытында тіркеп, соған сәйкес қазақ тіліндегі баламасын жасап отыруы керек. Бір sozdik.kz-ке қарап қалмай, қазіргі заманға негізделген басқа да онлайн сөздіктер болса игі.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған