WhatsApp-тағы мерзімді қызметтегілердің ата-аналарының чаты: Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді

Просмотров: 21

Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жанғұлин 2024 жылы 9 қазанда Мәжіліс дәлізінде журналистерге берген сұқбатында мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің ата-аналары үшін WhatsApp чат не үшін құрылғанын түсіндірді, деп хабарлайды 247media.kz

Ресми өкіл, ең алдымен, командирлердің басты міндеттерінің бірі – мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің денсаулығы мен өміріне баса мән беру екенін атап өтті.

«Біз ешкімнің алдында қандай да бір суреттер жіберіп, есеп бермейміз (мессенджердегі чаттар арқылы – шамамен ред.). Ол үшін бізде қолға алынған жеке жобалар бар. Мысалы, бір апта ішінде мерзімді қызметтегі әрбір әскери қызметші өзінің туыстарымен және жақындарымен бейнебайланыс арқылы екі рет сөйлесе алады. Ол үшін бізде арнайы орындар жабдықталған, ол арада арнайы сатып алынған интернет байланысқа қосылған планшеттер бар. Сонымен қатар, бізде, Жарғыға сәйкес, ата-аналардың келуіне, сол секілді сарбаздың үйіне босап баруына құқығы бар», – деді ол.

Оның айтуынша, WhatsApp-тағы чаттар мерзімді әскери қызметшілердің ата-аналары өздерін мазалаған сұрақтарды жолдау үшін құрылған.

«Мерзімді қызметтегілердің қолына ұялы телефон берілмейді, бірақ офицерлерде болады. Егер ата-аналар баласына шұғыл хабар жеткізгісі немесе сөйлескісі келсе, олар WhatsApp чаты арқылы хабарлама жібере алады. Сондай-ақ, олар баласының жағдайын сол арадан біліп отыра алады», – деп толықтырды сөзін Руслан Жанғұлин.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған