Қазақстанға АЭС керек пе?

Просмотров: 15

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл елімізді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экологияны жақсартып, экономиканы өрістету үшін қабылданған шешім. Елге АЭС салу мәселесі ұзақ жылдар бойы қоғамда қызу талқыланып келген болатын. Сондықтан да, Президент нақты шешімді халықтың өзі жасауы қажет деген тоқтамға келіп, халыққа арнаған Жолдауында референдум өтетін мәлімдеді.

Биыл 8 айда елде 74,9 млрд кВт/сағат элект энергиясы өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9%-ға артық. Бұл ranking.kz ұсынған мәлімет. Жалпы алғанда, әлемде электр энергиясының 10 пайызын АЭС өндіріп отыр екен.
Қазақстандағы электр станциялары төмендегі электр энергиясын өндіреді:
• Жылу және газтурбиналық – 66,3 млрд кВт/сағат. Қазақстанда өндірілетін барлық электр энергияның 88,5%;
• Гидроэлектростанциялар – 6,2 млрд кВт/сағат немесе 8,3%;
• Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭС, КЭС және БМУ) – 2,4 млрд кВт/сағата немесе 3,2%.
Елде 74,1 млрд кВт/сағат электр энергиясы тұтынылады. Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында электр энергиясы артық өндіріледі, ал қалған өңірлерге электр энергиясы жетіспейді. Бұл жаңа қуат көзінің керегін көрсетеді.
Қазақстан үшін электр энергетика саласы өте маңызды. Сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету, оның қолжетімді бағада берілуі экономиканың негізгі секторларындағы бәсекелестікті арттырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстандағы электр станцияларының жалпы қуаты – 23621,6 МВт, иелік қуаты –20078,6 МВт.
Елде электр энергиясын әртүрлі меншік нысанындағы 179 электр станциясы өндіреді. Электр энергиясын өндірудің негізгі үлесі немесе 66,5% – көмірге, 22,5% – газға, 9,3% – ірі су электр станцияларына тиесілі.
Алайда салада бірқатар проблема бар:
• Өңірлерде жұмыс істеп тұрған жылу-энергетика объектілері жаңғыртуды, қуатты арттыруды және реконструкциялауды қажет етеді;
• Таратушы және қосалқы жабдықтардың, сондай-ақ өндірістік ғимараттар мен нысандар әбден тозған. Электр станцияларындағы генерациялайтын жабдықтардың орташа тозу көрсеткіші – 53%.
Электр станцияларын жедел жаңғырту және электр энергиясының тапшылығы, сондай-ақ атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту, қуатты арттыруды талабын ескере келе, елге жаңа электр станцияларын іске қосуды және электр энергиясын әртараптандыру керек. Бұл Қазақстанда атом электр станция салу мәселесін көтерді.
Елде атом саласын құру мен дамытудың алғышарттары бар. Мысалы:
• Дәлелденген уран қорының мол болуы;
• Дамыған уран өндіруші және уран өңдеуші өнеркәсіптің болуы;
• Атом ғылымының болуы;
• Жоғары білікті мамандардың кадрлық әлеуетінің болуы;
• Медициналық радиофармпрепараттар өндіру үшін ядролық технологияларды әзірлеуде және енгізуде елеулі прогрестің болуы.
Қазақстанда уранның айтарлықтай мол қоры бар (әлемдегі уранның 14%-ы). Елде уранның барланған 56 кен орнының он төртіне пайдалану құқы берілген, қалған 42 кен орны резервте тұр. 2009 жылдан бастап Қазақстан табиғи уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұр.
Тәуелсіздік жылдары уран өндіру көлемі 24 есе өсті. 1997 жылғы 796 тоннадан 2020 жылы 19,5 мың тоннаға дейін.
Әлемде көптеген мемлекет атом энергиясын пайдаланып жатыр. Мысалы, бүгінде 32 мемлекетте, сондай-ақ Тайваньда жалпы қуаты 400 ГВт-қа жуық 445 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. 2020 жылы олар әлемді электр энергиясының шамамен 10% қамтамасыз етті. Сонымен қатар қазіргі таңда 19 елде 50-ге жуық энергетикалық реактор салынуда.
Ядролық энергия әлемдегі төмен көміртекті энергияның екінші көзі болып саналады. Қазақстанда энергия өндірудегі негізгі үлесін көмір мен газ алса, дамыған елдер қоршаған ортаға зиян келтіретіндіктен отынның осы түрлерін қысқартуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар көптеген дамыған елдер электр энергиясын атом электр станцияларының көмегімен өндіріп жатыр. 2020 жылы энергия өндірісі бойынша секторда АҚШ, Қытай, Франция, Ресей және Оңтүстік Корея көшбасшы болды. Сондай-ақ үздік ондыққа Канада, Украина, Германия, Испания, Швеция енді.
Францияда электр энергиясын өндіруде атом энергетикасының үлесі – 70%-дан астам, Украинада – 51,2%, Швецияда – 29,8%, Оңтүстік Кореяда – 29,6%, Ресейде – 20,6%, АҚШ-та – 19,7%.
Сондай-ақ Францияда атом энергиясын өндірісте пайдалану экологиялық қауіпсіз болып саналады, әрі бұл атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын азайтуға септігін тигізеді.
Атом электр станциясын қауіпсіз мақсатта пайдалану үшін әлемдік тәжірибені ескерген жөн. Бүгінде Қазақстанда жетекші әлемдік реактор өндірушілердің төмендегі технологиясы зерттеліп жатыр:
• Росатом (Ресей Федерациясы) VVER-1200 реакторының жобасы;
• Electricite de France Group / Mitsubishi Heavy Industries Ltd (Франция, Жапония) ATMEA1 реакторының жобасы;
• NuScale Power (АҚШ) қуаты аз модульдік NuScale реакторының жобасы;
• GE Hitachi Nuclear Energy (АҚШ, Жапония) қуаты аз модульдік BWRX-300 реакторының жобасы;
• Қытай Ұлттық ядролық корпорациясы (Қытай) HPR-1000 реакторының жобасы;
• Korea Hydro and Nuclear Power (Оңтүстік Корея) APR-1400 реакторының жобасы.
2014 жылы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары табиғи-климаттық, көлік инфрақұрылымын, антропогендік факторларды және экологиялық талаптарды ескере отырып, АЭС салу үшін қолайлы аумақ болып айқындалды.

Дәурен Ерболат

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған