Демография мәселелері бойынша мемлекеттік орган құрыла ма – Үкімет басшысының жауабы

Просмотров: 27

Премьер-Министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының демография мәселелері бойынша мемлекеттік орган құруға қатысты сауалына жауап берді.

«Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанның халық саны 16,5 млн адамды, өмір сүру ұзақтығы 68 жасты құрады. Сол кезде еліміздегі демографиялық жағдайды ескере отырып, демография мәселелерімен арнайы құрылған Көші-қон және демография агенттігі айналысты. Қабылданған кешенді шаралар негізінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді және әлеуметтік даму жолында үлкен қадам жасалды. Жүргізілген әлеуметтік-экономикалық реформалардың нәтижесінде халықтың табысы ұлғайды. Денсаулық сақтау мен білім беру салаларының қомақты қаржыландырылуы, ана мен баланы қолдауға арналған жүйелі шаралар бала туу мен өмір сүру ұзақтығының өсуіне үлкен әсер етті. Соның нәтижесінде қазіргі таңда Қазақстан халқының саны 20 млн-нан асты, қазақстандықтардың орташа жасы 32,1 жасты құрады. Халық құрылымында үштен бірі – балалар, 58 пайызы – еңбекке қабілетті азаматтар және 11 пайызы – қарт адамдар. Осылайша, еліміздің халқы басқа елдермен салыстырғанда жас», – деді Үкімет басшысы жауабында.

Сонымен қатар, оның атап өтуінше, табысына қарамастан барлық отбасыларға бала тууға, 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жұмыс істемейтін әйелдерге, мүгедек балаларды тәрбиелеуге, 18 жасқа толмаған 4 және одан көп баласы бар көп балалы отбасыларға және көп балалы аналарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларға бұл төлемдерге қосымша атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Осылайша, бүгінде әрбір бесінші қазақстандық отбасы мемлекеттік қолдау алады. Яғни мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларының нәтижесінде демографиялық жағдай жақсарды.

«Сенат депутаттары ұсыныстарының негізінде қосымша халықаралық тәжірибеге талдау жүргізілді. Оның қорытындысы көрсеткендей, демография мәселелерімен әртүрлі мемлекеттік органдар айналысады. Мысалы, туу деңгейі төмен елдерде (Корея, Қытай) денсаулық сақтау министрлігі жауапты, посткеңестік және Шығыс Еуропа мемлекеттерінде (Ресей, Украина, Польша, Словакия) бұл функциялар әлеуметтік мәселелерге жауапты мемлекеттік органдарға жүктелген. Демографиялық даму саласындағы мемлекеттік саясат – функционалдық бағыттарына сәйкес әрбір орталық мемлекеттік органдардың жұмысына енгізілген. Мемлекеттік органдар өздерінің салалық бағыты бойынша әкімшілік, экономикалық және басқа да іс-шараларды қабылдай отырып, демографиялық саясаттың тұтас жүйесін қалыптастырады. Бұл жұмыстарды Ұлттық экономика министрлігі үйлестіреді. Осыған орай бұл мәселені жан-жақты қаралып, Ұлттық экономика министрлігі орталық мемлекеттік органдарға жүргізген функционалдық талдау қорытындысы бойынша жаңадан қосымша мемлекеттік органдқұру, мемлекеттік қызметшілер санын ұлғайту, мемлекеттік бюджетке жүктеме түсіру орынсыз деп санайды. Сонымен қатар жеке ведомство құру Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген мемлекеттік аппаратты оңтайландыру бағытына сәйкес келмейді», – деді Олжас Бектенов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған