Аймақтың инвестициялық әлеуеті зор

Просмотров: 127

Қарағанды облысында 55 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қарағанды облысы инвестициялық жағынан тартымды болып қала береді. Қазіргі таңда аймағымызда ірі 55 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Биылғы жылдың жеті айында өңір экономикасына 320,2 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 90%-дан астамы – жеке инвестиция. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте айтылды. Жиында Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттердің орындалуы талқыланды.

– 2022 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңде 1,3 трлн теңге сомасына 55 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, оның ішінде 16-сы – шетелдік қатысуы бар жоба. Биыл 12 жоба іске қосылады, олардың ішіндегі ең ірілері: ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірлесіп автомобиль шиналарын өндіру зауыты, Балқаштағы күн электр станциясы, агломерациялық фабриканың екінші кезеңі, катодты мыс өндіру зауыты және т.б., – деп баяндады Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков.

Ол болашаққа арналған жобалар тізімін жариялады. Облыста тұрмыстық техника, жезден жасалған бұйымдар, еден жабындары мен басқа да өнімдер шығаруды жолға қою көзделіп отыр. Бұл – өндіріс пен шикізаттық емес экспорт көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Кеңесте Жолдаудың экономиканы дамытуға және халықтың табысын арттыруға бағытталған барлық тармағы қозғалды.

– Экономиканың өсу қарқынын арттыру үшін жеке инвестициялар тарту, тұрақты жұмыс орындары бар жаңа өндірістер ашу бойынша жұмысты жандандыру қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. – Ауылшаруашылығында жайылымдық жерлерді суландыру, тозған жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру керек. Субсидиялардың бөлінуі мен игерілуін дұрыс бақылау қажет. Қалалар мен аудандарда инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, жайлы орта құру ерекше назарда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған