Футбол федерациясының жаңа президенті қашан сайланады – министр жауап берді

Просмотров: 14

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан футбол федерациясының жаңа президентін таңдауға қатысты пікір білдірді.

«Қазір әр федерациямен тығыз байланысты жұмыс істеп жатырмыз. Федерациялардың дайындық жоспары, жол картасы, өңірлерде балалардың футболмен айналысуы бағыттарын пысықтаймыз. Футбол федерациясына тоқталсақ, Әділет Барменқұлов федерация президенттігінен өз еркімен кетемін дегеннен кейін, біз оған ешқандай қарсылық таныта алмаймыз», – деді Е. Мырзабосынов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, қазір аталған федерация басшылығына кім келетіні белгісіз.

«Футбол федерациясы – өзінің атқарушы комитеті бар қоғамдық бірлестік. Әзірге, тиісті процедуралар атқарылып жатыр және кім келетіні белгісіз. Қалай болғанда да, барлық үміткерге толық талдау жасалады. Бір айдан кейін қорытынды конференция өтіп, онда кандидаттар жарияланады. Оның мүшелігіндегі барлық аймақтар жаңа президентті сайлайды. Біз де үміткерді таңдауға қатысамыз», – деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі Әділет Барменқұловтың федерация президенттігінен кеткенін растады.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Құжат аясында спорт федерацияларының қызметі де өзгереді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған