Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?
Қазақтың салт-дәстүрі ағайын, туған-туыс, көршілер арасында жақсы қарым-қатынастың қалыптасуына және ынтымақтастықта өмір сүруіне жол ашқан.
Бүгіндері атаулары өзгерсе де, кейбір салт-дәстүрлерді қаймағын бұзбай сақтап отырған өңірлер бар. Әсірес Қазақстанның батыс пен оңтүстік облыстарында қазақтың салт-дәстүрлерін тастамай, күнделікті тұрмыста ұстанып жүр. Мысалы, ат тұлдау, аяққа жығылып кешірім сұрау, ақсарбас атау, аунату, байғазы беру, босаға байлау, енші беру, ерулік беру, жылу жинау, қалау айту, қазан шегелеу сияқты дәстүрлер сақталған.
Десек те қолданыстан мүлдем шығып, ұмыт болғандары да жетерлік екен.
Қазақтың салт-дәстүрін зерттеп жүрген ғалым, сыншы Дандай Ысқақтың айтуынша, қазақ халқы салт-дәстүрден ешқашан аттап кетпеген.
– Қазақ салт-дәстүрді құрмет тұтып, қалтқысыз орындаған халық. Өйткені сол арқылы барлық қарым-қатынасты ушықтырмай реттеп отырған. Яғни, көп мәселені дәстүр жолымен шешкен. Тіпті құда түсудің, олармен тез табысудың жолын да қарастырып қойған.
Мысалы, «Біз шанышар» дәстүрін алсаңыз, одан қазақтың балаға деген қамқорлығы мен оның болашағы үшін жасалатын қадамдарын байқауға болады.
Біз шанышар
Ертеректе қазақтарда қонақтарын ақы алмай күткен, ол үшін арнайы жатын үйлерін, ас дайындайтын асханасын, күтушілерді, тіпті көлігіне дейін алдын ала сайлап қоятын болған. Қонақтың жағдайын жасап, дұрыс күте алмаса сөгіс естіп, тіпті ондайда айыпқа дейін салатын болған. Мәселен, табаққа салынған еттің ақ тамыры не қол еттің безі алынбай қонағына тартылса, айыбын қоса төлеген.
Осы көп тегін тамақтың бірі – түстік ас. Қазақ түскі асын жаз кезінде таяқтың көлеңкесі жоғалып, күн шаңырақтың үстінен түскен кезде ішкен. Осы уақытқа тап келгендер үй иелерімен бірге отырып, шайын ішіп, тамағын жеген соң аттанып кетеді. Көбіне қона бермейді.
Ал «біз шаншуға» келгендер ешкіммен сөйлеспей, аттарының ер тоқымын бір жерге жинап, түскі астан соң да кетпей қояды. Үй иесі қонаққа арнап мал сояды. Қонған адам ертесіне сиыр түсте үн-түнсіз атттанып кетеді. Әдетте мұндайда шалдар келеді. Қонақ кеткен соң үйдегілер бар гәпті түсіне қойып, дереу сырмақ қағады. Қайрағын іздейді. Содан сырмаққа шаншылған бізді көріп, қайрақтың жоғалғанын біледі.
Бұл – «Ұл ержетті, қыз бойжетті. Қосқұлақ бала бізде де бар. Қас сұлу сізде бар. Жекжат болайық» дегені. Егер қызы бар үй қайрақты сұрамаса, әлгі қонақ болып кеткен шалдар келіп құда түседі.
Жалпы қайрақ – ұлдар қолданатын сайман. Ал ине – қыздардыкі. Қайрақ қайырымға керек, инесі кестеге, киім-кешекке керек. Шалдардың сырмаққа біз шаншуы – бізде бір ұл бар, осы шаңыраққа ұл болса дегенді тұспалдап білдіруі. Ал қайрақты алып кетуі – құда болайық дегені, – дейді Дандай Ысқақ.
Құда күту
Құда күткенде жасы үлкен, аса қадірлі адамдарынан басқаларын әзіл-қалжыңның астына алып, сайқымазақтап, ойын-күлкіге айналдырады. Жұртты күлкіге қарық қылды.
Мәселен,есіктің алдынан тұзақ құрып, кірген құданың аяғына білдірмей іліп, тартып жығады. Үйден шығар кезде екі әйел екі бақан әкеліп, ашасын қаратып тұрып бақан түртер ырымын жасап сыйақы алған. Құдаларды шешіндіріп, әйел киімін кигізіп, шуда жіпке тізіп қойған түйенің құмалағынан жасалған моншақты тағып, мойындарына жіп байлап жетелеп жүрген. Тіпті сүйретіп апарып үстіндегі киім-пиімімен ағын суға тастаған.
Киіз үйдің шаңырағы мен уықтарын алып тастап, құдалардың бірін кереге ішінде отырған әйелдердің арасына лақтырып жіберетін де дәстүр болған. Олар оны орталарына алып, бірі жеңіне, бірі аяғына, тағы біреулері желкесіне жармасып дегендей, жұлқылап, қытықтап, шымшып есіктен сытылып шыққанша әбден жұлқылап алады. Кейбірде мұндайдан хабары бар әккі құда, атын жетектеп әкелген сәттен-ақ өзі ішке секіріп түседі. Оның бұлай істейтінін күтпеген әйелдер шошып жан-жанға шегіншектеп кеткендерінде, зып етіп даладан бір-ақ шығып отырған. Ал сасқалақтап жер сипап қалған әйелдердің ондайда тек бір-бірін келекелеуден басқа амалдары қалмайды.
Балдыз қалың
Балдыз қалың салты бойынша қалыңдығы қайтыс болса болашақ күйеу төлеген қалың малын қайтарып алмай, сол отбасының екінші қызын алуға құқы бар.
Егер ол үйдің басқа қызы болмаса, төлеген малдың жартысы қайтарылады. Және күйеу ұрын барып, балдызын алатын болып, келіссе, үстіне «балдыз қалың» төлейтін болған. бұрынғы қалың малдың үстіне түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Егер ұрын келмеген болса, «балдыз қалың» төленбейді.
Аушадияр дәстүрі
– Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жәй өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Мұны іздеп тапқан жазушы Уахап Қыдырханов. Аушадияр деп атаалтын бұл жырдың үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек бұл қазіргі Қазақстан елінде айтылмайды, халық жадынан мүлде шығып кетіп ұмыт қалған.
Аушадияр бір болар,
Жаманның көңілі кір болар.
Ата-анасын сыйлаған,
Ақ шалмалы би болар.
Аушадияр екі дер,
Ержеткеннің еркі дер,
Омырауы толған он түйме,
Қыз баланың көркі дер…
Аушадияр төрт болар,
Қыздың қойны өрт болар.
Екі жақсы қосылса,
Өле өлгенше серт болар.
Жыр жаңа қосылған жастарға арналады. Мұндай ақыл, үлгі, өнеге, тәлім тәрбие туралы толғауды санамалап айту дәстүрі бар. Ұлтымыздың ұлағатты салтының бұл түрін өмірге енгізетін болсақ, мәдени қазынамыз да, өнеріміз де өсе түсер еді.
Көгентүп, жиенқұйрық
– Бұл салт тек қыздан туған жиендердің құрметіне жасалатын. Ондағы мақсат құдалар арасында жиен немеренің де қадірлі екенін көрсету. Алыс жолға шыққан кезде ата-анасымен бірге еріп келген кішкентай балаларға бұзау, құлын, қозы-лақ атайды. Бұл – көгентүп беру. Атаған көгентүбін кейін бермей кету – өнегесіздік, дүниеқоңыздық саналған.
Ал жиенқұйрық сол отбасына жиен болып келетін балаға жасалады. Яғни, нағашы жұртына келген жиен-баланы құда күткендей сыйлап, оның үш қалауын еш қарсылықсыз орындаған. Кейбір өңірлерде «қырық серкеш» деп атаған.
Бәсіре атау
– Ежелгі әдет-ғұрыптардың бірі. Ата-анасы баласына арнап ен салған жас төлді «бәсіре» деп атайды. Бәсірені сол баланың қажетіне, тойына жаратады. Оны ен салып, малды таңбалаумен шатастырмау қажет, – дейді Дандай Ысқақ.
Дәстүр тәрбие құралы болған
– Қазақта баланы қайырымдылыққа, бауырмалдыққа, еңбекқорлықа тәрбиелейтін дәстүрлер көп,– дейді Құралай Сәрсембина. Өйткені этнографтың айтуынша, ұрпақ жалғастығына, әулеттің азып кетпеуіне, саналы ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы зор болған.
Айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай былай деген: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды». Сондықтан дәстүр мен тәрбиені ұштастыра білу керек.
Мысалы, «Қол ұшын беру» деген керемет дәстүр бар. Бұл дәстүр әлі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Қол ұшын беру – ауыл адамы біреудің үйінің жанынан өтіп бара жатып, кірпіш құйып, үй салып жатқандарын көрсе, өтіп кетпеген. Қол ұшын беріп, көмектескен. Яғни, бұл дәстүр арқылы адамды қайырымдылыққа, жанашырлыққа тәрбиелеген.
Қой басты дәстүрі
– Ауылда киіз басу – ауыр жұмыстардың бірі болған. Алдымен жүнді сабайды, сосын бояйды, қайнатады, құрғатады, орайды. Ораудың астынан арқан өткізіп, жіптің ұшынан ұстап, аяқпен теуіп отырып, үй-үйдің арасынан өткізеді. Кез келген үйдің жанына келгенде «қой басты-қой басты» деп айқайлайды. Мұны естіген үйдегі әйелдер киіз басушыларға бауырсақ, қымыз, құрт береді. Бұл – әзіл-қалжың ретіндегі дәстүр болғанмен, сыйластыққа негізделген. Осыған ұқсас «тулақ шашу» дәстүрі бар. Жүн сабау біткен кезде үй иесі көмектескен әйелдерге сый-құрметін көрсету үшін дастарханға шақырған, – дейді этнограф.
Көтендестіру
– Қазақтың кейбір дәстүрлерінің атауы ерсі болғанмен, түсіне білген адамға берер тәлім-тәрбиесі мол. Солардың бірі – көтендестіру салты. Салт бойынша балалары қырқынан шыққанша, бір уақытта босанған екі әйелге бір-бірімен араласуға, көрісуге болмайды. Осылайша жұқпалы ауруларды жұқтырудың алдын алған екен. Сондықтан 40 күннен кейін екі әйелді қонаққа шақырған үй иесі бірінші келгенін кереге жаққа қаратып отырғызады. Екінші келгенді бірінші әйелмен арқасын тірей отырғызады. Үй иесінің белгісімен екі әйел сол қолымен әкелген қонақ кәдесін сол аяғының астынан өткізіп, оң қолымен иық тіресіп отырған әйелге берген. Осылайша қайта қауышып, еркін араласатын болған. Ал сол салтты үйінде өткізген әйелге сыйлығын берген.
Жалпы қазақ дәстүрінен халықтың мінез-құлқын, болмысы мен дүниетанымын, мәдениеті, тілі мен дінін, өмір сүру жолын байқауға болады. Сондықтан балаларға салт-дәстүрлердің тәрбиелік түп-тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіре білуіміз керек. Өйткені ұлттық тәрбиенің бірінші ошағы – отбасы болса, екінші ошағы – мектеп.
Қазақта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген дана сөз бар. Ата-анасынан көрген салт-дәстүрді ертеңгі күні баласы жалғастырады. Тіпті қазақтар кез келген шаруаның басталуы мен аяқталуын ескерусіз қалдырмаған. Мысалы, қырықтық аяқталғанда бір үйден соң бірі күзем шай берген. Күзем шай – қырықтық мейрамы. Ауыл адамдары ән салып, түрлі ойындар ойнап, көңілді өткізген. Өйткені бұл дәстүр мейрімділікке, ұйымшылдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеген.
Ал кеусен дәстүрі бойынша егіннен мол өнім алған кезде туған-туыс, дос-жаран, ауылдастарына өзінен артылғанын бөліп берген. Бұл қазақтың мырзалығын көрсеткен.
Егін орағы, май айыру кезінде көмек көрсеткен ауыл адамдарына өнімнен (май, ұн, бидай) сый-сияпат көрсетілген. Мұны келі түбі деп атаған.
Хан талау
– Қазақ халқы үшін билік, байлық – басты құндылық болып саналмаған. Ар, ұят, намыс, имандылық, әділеттілік қасиеттерін жоғары бағалаған, – дейді Құралай Сәрсембина. – Халық сенімін ақтамаған, мейірімсіз ханды халқы жазалаған. Ханға тиесілі мал-мүлкін, билігін тартып алған. Бұл – барымта емес, хан талапай деп аталған. Ашынған халық ханнан көңілі қалған кезде осындай шешім қабылдаған. Дәл осындай шешімді атқамінер белсенділерге, сұлтандарға, төрелерге қолданған.
Сондықтан жағдайы бар адамдар кедей отбасына, жесір әйелдерге үнемі көмектесіп отырған. Соның бір көрінісі, тұрмысы нашар адам дәулетті адамнан, кейде жақын көршілерінен, жақындарынан ат майын уақытша сұрап алып пайдаланған. Бұл – ат майын сұрау дәстүрі. Осылайша, ауыл адамдары бір-біріне жанашырлық, қамқорлық танытқан.
Деңгене
Қазақта сайыс ретінде ұйымдастырылатын салт-дәстүрлерді де кездестіруге болады. Солардың бірі – «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабында көрсетілген «деңгене» дәстүрі.
Көрші ауылдан келген үш-төрт жігіт алдымен түсетін үйін сайлап алып, сол үйдің жанына барып «Деңгене! Деңгене жеуге келдік» деп айғайлайды. Ал үй иесі бұл сөзді естіген соң, семіз бір қойды сойып, етін түгел қазанға салдыртады. Деңгене дәстүрі бойынша келген жігіттер сол қойдың етін түгелімен жеп, сорпасын ішулері керек. Егер тауысып жемесе, бір қойды екі қой қылып қайтаруға мәжбүр болған.
Сыралғы
Қазақта аң аулау – үлкен мереке болған. Бірақ аң аулаудың қанша қызығына түскенмен, ерекше белгілері байқалған аңдарды атпаған. Әсіресе, мола басына жақын жерде жүрген жан-жануарларға тиіспеген. Өйткені әр аңның киесінен қорыққан. Ал қанжығаларын майлап, аң аулаудан қайтқан аңшы өзіне «Майлансын» деп айтқан адамға ойланбастан атып алған аңын сыйға тартқан. Аңшының сыйын «сыралғы» деп атаған. Ал қақпанға түскен аңды алу ұрлыққа жатпаған. Бірақ орнына бір зат қалдырып кету керек екен.
Қазақ салт-дәстүрін зертеушілер ұмыт болған салттардың қолданысқа қайта енуі екіталай дейді. Сондықтан сақталып қалған дәстүрді жоғалтып алмай, оны алдымен мектеп оқушыларына оқытып, бойларына сіңіру қажет. Ал тарих қойнауында қалған ескірген дәстүрлердің негізін сақтай отырып, заманауи үлгіге орай ұстанса, тез қолдау табады дейді зерттеушілер.