Қазақтың бала тәрбиесіне қатысты 10 салт-дәстүрі

Просмотров: 18

Қазақ халқы сәби дүние есігін ашқаннан бастап оның өсіп, дене бітімі дұрыс қалыптасып, ақыл-ойы жетілуіне дейін ерекше көңіл бөлген. Қазақ халқының бала тәрбиесіне қатысты 10 салт-дәстүрін еске алуды ұсынамыз. 

№1. Шілдехана
Нәресте дүниеге келген құрметіне арналған салт-дәстүрлердің бірі – шілдехана. Бүгінде жас сәбидің дүниеге келгеніне той жасау рәсімге айналған.
Бұл ғұрыптың түпкі мәні бала мен ананы тіл-көзден сақтау, қорғау дегеннен туындаған. «Чілле» парсы тілінен аударғанда «қырық» деген мағынаны береді. Дәстүрлі қазақ қоғамында бала үшін туғаннан 40 күнге дейін қауіпті кезең саналған, оған дейін нәрестеге көп адамды жолатпай, бала мен анасын жақсылап күткен.
Туған ер баланы отыз күн, қыз баланы қырық күн суға түсіріп, денесін сылап, буындарын созады. Қырық күн өткен соң, қырқынан шығару ырымын жасайды. Оны туыстары болып келетін үлкен кісіге тапсырады. Осындай міндет жүктелген адам, сыйлығын бір тоғыз етіп дайындап, келіп, нәрестені қырқынан шығарады.

№2. Бәсіре
Бәсіре — қазақ шаңырағында дүниеге ұл бала келгенде, сол күндері туған құлынды немесе ботаны нәрестенің бәсіресі деп атау салты. Қазақ халқының ұғымы бойынша, дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға әрі біреу болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Есейе келе бәсіресі бар баланың да малға деген ықыласы, пейілі түзу болады.

№3. Бесік той
Жаңа туылған баланы бесікке бөлеу жорасы «бесік той» деп аталады. Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды. Оған қоса киетін, зергерлік бұйымдармен дастарқанға қойылатын тәттілерін салып алып барады. Алып барған китінің ішіне тоғыз түрлі зат салады. Тоғызға бағалы киімнен бастап, ұсақ заттар да кіреді.
Жаңа бесікке нәрестені бөлмес бұрын, бесікке салушы бесіктің жабдықтарын орындарына қойып, шашу ретінде түбектің тесігінен балаларға тәтті, бауырсақ, құрт-ірімшік (тыштыма) үлестіреді. Баланы бесікке бөлеген әйелге тиісті кәде беріледі. Ал босанған ана тәжірибелі әйелдің бесікке бөлеу өнерін үйренеді

№4. Тұсау кесу
Бұл – бала жығылмай жүріп кетсін, болашағы жарқын болсын деген тілекпен жасалатын дәстүр. Міндетті түрде орындалатын салт.
Тұсау кесерге арнайы ала жіп дайындалады. Қыз бала болса, пысық, ақжарқын, көпке қадірлі, сыйлы келіншекке, ұл баланың тұсауын есімі ел аузында жүрген қадірлі ер-азаматқа кестіреді.
Тұсауы кесілген соң сәбиді екі адам ортаға алып шығып, тез-тез жүргізеді. Бір-екі адымға дейін сүйемелдеп апарып, бос еркіне жібереді. Беліне байланған тәттілерді алып, шашу етіп шашады.

№5. Сүндет той
Бұл той қазақ халқы арасында Ислам діні тарағаннан кейін қалыптасқан. Шариғат заңы бойынша ұл баланы бес жас немесе жеті жаста сүндетке отырғызады. Халықтың түсінігі бойынша,сүндетке отырғызудың мақсаты бала ер жетіп, азамат болды дегенді білдіреді.

№6. Қыз баланың құлағын тесу
Екі-үш жасқа келген соң-ақ қыз бала өз табиғатына тартып қуыршақ жасап, үй жасап ойнауға әуестенеді. Жылтырауық заттарға, қызылды-жасылды киімге қызығады. Осы тұста қыз балаға арналған жаңа бір қуаныштың сәті түседі. Ол – қызша киіндіріп, құлағын тесу.
Құлағын тесетін күні қыз балаға қос етек көйлек, кестелі камзол, үкілі тақия кигізеді. Ауыл әйелдері түгел жиналып, ең қолы жеңіл деп танылған әйелге жол береді.
Ұл мен қызды ежелден қос көзінің қарашығындай  санаған халқымыз қыз балаға арналған бұл қуанышқа ақтарыла қуанып, ұлан-асыр той жасайтын. Бұл қыз баланың өміріндегі өзіне тән дара қуаныштың  алды.

№7. Атқа мінгізу
Баланың буыны бекіп, төрт-бес жасқа келгенде немесе ат үстінде өзін ұстай алатын болғанда атқа мінгізу салты өткізіледі. Себебі ұлтымыз ат – ер қанаты деп түсінген ұрпақты ат үстінде ойнайтын етіп жетілдіру, жауынгер етіп тәрбиелеу, еңбекке баулу мақсатынан туған. Балаларға арналып алдын ала ат дайындап ер-тұрман әзірлейді. Баланы атқа мінгізген күні арнайы атқа мінгізу тойы жасалады. Бұл қазақтың көшпенді тіршілігіне байланысты туылған салты.

№8. Тілашар
Баланың жаңадан балдыр-бұлдыр тілі шыға бастағанда ауыл ақсақалдары тілінен май тамған шешен, шежіреші, көш басы көсем болсын деп батасын беріп, баланың тілін шытпен созып аузына түкіріп жолын алу салты «тілашар» деп аталады.

№9. Танабау тағу
Бала әкесіне немесе шешесіне ілесіп жұмыс басында қолқабысын тигізіп жүргенін көргенде, ел-жұрт жігіт болыпты, қажетке жарапты деп құттықтап танабау тағады. Танабауға тана, шыт, парша-парат ақша және тағы басқа нәрселер беріледі. Танабау тағушыларды баланың ата-анасы шақырып қонақ етеді, мұны танабау тағу деп атайды.

№10. Айдар тағу
Қазақта ұл баланы зарығып жүріп көрген ата-ана ұлына кішкене күнінде төбе шашын ұзартып өсіріп, моншақ араластырып өріп қояды. Мұны ертеде қазақта көп қолданған. Тарихи деректерге қарағанда, Кенесары мен оның немересі атақты Наурызбай батырда айдар болған екен. Бала он жасқа келіп айдарынан намыстанған кезде оның айдарын алып тастау барысында бірер мал сойып тойлайтын әдет болған.

Данный текст скопирован с сайта Informburo.kz
https://informburo.kz/kaz/elaynasy/basire-tilasar-aidar-men-tanabau-tagu-bala-tarbiesine-qatysty-qazaqtyn-10-salt-dasturi

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған