Мәжіліс депутаттары «Акваөсіру туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Просмотров: 7
Мәжіліс депутаттары 2024 жылғы 20 қарашада пленарлық отырыста «Акваөсіру туралы» заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды 247media.kz

Негізгі заң жобасы акваөсіру субъектілерінің құқықтары мен міндеттеріне, балық шаруашылығын жүргізу шарттарына, ғылыми зерттеулерге, балық шаруашылығы су айдындары мен жер ресурстарын қамтамасыз етуге және пайдалануға қатысты нормаларды қамтиды.

 

«Акваөсіру саласында үш жылда бір рет өткізілетін оның даму жағдайын бағалау негізінде мемлекеттік саясат құралдарын енгізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта бюджет қаражаты есебінен консалтингтік компаниялар мен талдау орталықтарын, қоғамдық салалық одақтар мен қауымдастықтарды тарту көзделген. Бағалау нәтижелері Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу кезінде ескерілетін болады», делінген заң жобасында.

 

Цифрландыру мақсатымен мониторингтің ақпараттық жүйесі енгізіледі. Ол акваөсірудің дамуына мониторинг жүргізуге және талдауға, деректер мен мәліметтерді жинауға және қалыптастыруға, бизнес субъектілерінің тізілімін жүргізуге және акваөсіру объектілерінің, соның ішінде оны қайта өңдеу өнімдерін қадағалауға, сондай-ақ цифрландыруды қамтамасыз етуге арналған.

Заң жобасына сәйкес, адамдардың өмірі мен денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін акваөсіру саласына мемлекеттік бақылау енгізіледі

«Заң жобасында жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы бақылаудың бір бөлігі болып саналатын акваөсіру саласына мемлекеттік бақылау енгізіледі. Оның мақсаты – акваөсіру өнімдерінің, адамдардың өмірі, денсаулығы және қоршаған ортаны қорғау үшін технологиялық процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде су жануарларының бөтен түрлерінің енуіне жол бермеу», делінген құжатта.

 

Бақылауды Кәсіпкерлік кодекске сәйкес бақылау субъектісіне барып және бармай тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асыру жоспарланған. Бұл ретте жергілікті атқарушы орган бөлімшелеріне қатысты мерзімді, жоспардан тыс тексерулер және қашықтан бақылау нысанында мемлекеттік бақылау енгізу көзделген.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған