Бір парақтағы кесте: Әшімбаев мемлекеттік қорлар туралы есепті сынға алды
Ол мемлекеттік қорлардан қаражаттың жұмсалуын бақылау маңызды мәселе болып қала беретінін атап өтті.
«Бүгінде бұл қорларда, соның ішінде медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру, зейнетақы және басқа да активтер ел бюджетінің барлық шығыс бөлігінен асып түседі. Егер биыл бюджеттің шығыс бөлігі 24 трлн теңге болса, онда активтер 25 трлн-нан асады және одан әрі өседі», — деді Мәулен Әшімбаев.
Ол онда үлкен қаражат жиналғанын атап өтті.
«Енді есепке келетін болсақ, республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша ұсынылған құжатта, Олжас Абайұлы бізге осы қорлар бойынша бар-жоғы бір беттегі кестені көрсетті. Шыны керек, кестедегі ақпаратты түсіну өте қиын. Бұл жағдайда Парламент бұл шығындарды бақыламайды, қарамайды…Жалпы, мәселе өте маңызды. Үлкен қаражат. Біз қазір жылу энергетикасына, басқа салаларға қаражат таба алмай отырмыз»,- деді Сенат спикері.Оның пікірінше, мәселе олардың бақылауда болуы және жалпыұлттық мақсаттарда пайдаланылуы болып табылады.
«Біз бұл қаражаттың бір бөлігі бюджет тапшылығын жабуға жұмсалатынын білеміз. Басқа бөлігі қалай кететінін білмейміз. Менің ойымша, сіздің министрлікте бұл жағдай аса еленбейді. Үкіметтің шығындарды бақылап отыруына, қаражаттың ортақ міндетке жұмсалып жатқандығына көз жеткізу үшін қандай да бір шаралар қабылдау қажет деп ойлаймын»- деп түйіндеді Әшімбаев.
Ол алдағы уақытта республикалық бюджеттің атқарылуын қарау кезінде осы мәселеге қайта оралу қажеттігін атап өтті.
Бұған дейін Мәжіліске үш жылдық бюджет жобасы қайтарылғаны хабарланған болатын.