Көкпардың жас чемпиондары: Талғар төрінде ел үздіктері бақ сынауда

Просмотров: 13

Талғар ауданында көкпардан 2008-2010 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының XIII чемпионаты басталды. Жеті күнге созылатын дүбірлі додада елдің түкпір-түкпірінен келген 14 команда 8 250 000 теңгелік жүлде қорын сарапқа салады.

Чемпионатқа Алматы және Шымкент қалаларымен қатар, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау, Жетісу және Алматы облыстарының командалары қатысуда. Бұл – ұлттық спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және көкпардың жас ұрпақ арасында да кеңінен насихатталып жатқанын көрсетеді.

Жарыс 23 тамызда мәресіне жетіп, үздік командалар мен ойыншылар марапатталады. Бас жүлдеден бөлек, «Үздік шабуылшы ат», «Үздік қорғаушы ат», «Үздік жекпе-жек ат», сондай-ақ «Үздік ойыншы» аталымдары бойынша да үздіктер анықталып, арнайы қаржылай сыйлықтарға ие болады.

Чемпионатты ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, «Көкпар» федерациясы және Алматы облысы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырып отыр. Бас демеуші – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, ал бас серіктес – Спортты қолдау қоры.

Көкпар – тек күш емес, ақыл мен жүрек ойыны

Федерация президенті Айдарбек Қожаназаров бұл жарыстың тек спорттық дода емес, тәрбиелік мәні зор іс-шара екенін атап өтті:

«Көкпарға қатысу үшін темір білек қана емес, батыл жүрек те керек. Қазақтың әр баласы батыр. Көкпаршы – шахматшы да, боксшы да, ғалым да бола алады. Қаншама чемпиондар осы көкпардан шыққан. Алдағы уақытта бұл ойынды клубтық жүйеде дамытып, командалық көкпарды жаңа деңгейге көтеруді көздеп отырмыз,» – деді ол.

Шын мәнінде, көкпар – ұлттық рухты ұлықтайтын, жастарды ептілікке, батылдыққа, топпен ойнауға үйрететін ойын. Жасөспірімдер арасындағы бұл чемпионат – болашақ чемпиондардың алғашқы баспалдағы.

Чемпионат аясында ұлттық спорттың қазіргі жағдайы мен болашағы жайында пікір алмасулар, шеберлік сабақтары және көкпар мәдениетін танытатын шаралар да өткізіледі деп күтілуде.

БАҚ үшін ашық есік

Ұйымдастырушылар жарысқа барлық БАҚ өкілдерін шақырып, ұлттық спортты бірге дәріптеуге үндеп отыр. Бұл – көкпарды кеңінен насихаттап, жаңа буын арасында беделін арттырудың бір жолы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған