Қарапайым мамандық – ұлы істің бастауы
Ел дамуының берік негізі – қарапайым еңбек пен оны адал атқаратын адамдар. Күн сайын өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жұмысшы, құрылысшы, дәнекерлеуші, тігінші, аспаз сияқты мамандардың еңбегі – қоғам тынысының басты кепілі.
2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануы – еңбек адамдарының қоғамдағы беделін арттырудың маңызды қадамы. Бұл бастама әр саладағы еңбек иелерінің еңбегін бағалап, жастарды кәсіптік бағытта тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Қарапайым мамандық иелерінің еңбегі көзге көрінбеуі мүмкін, алайда олардың қолымен тұрмыс жақсарып, зауыттар жұмыс істеп, қалалар көркейіп келеді. Әрбір шебердің адалдығы мен еңбегіне деген сүйіспеншілігі – ел өркендеуінің қозғаушы күші.
Мемлекет еңбек адамына қолдау көрсету бағытында нақты шаралар қабылдауда. Кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту, өндіріс пен оқу орындарының байланысын нығайту, жас мамандарға жағдай жасау – ел экономикасын нығайтудың басты тетігі.
Қарапайым еңбек – ұлт рухын қалыптастыратын, қоғамды біріктіретін құндылық. Әрбір маман өз ісін сүйіп атқарса, мемлекет те биік белестерді бағындыра алады.
Сондықтан қарапайым мамандық иелерін дәріптеу – тек мерекелік шара емес, елдің дамуына деген алғыс пен құрметтің белгісі.
Қарапайым мамандық – ұлы істің бастауы. Өйткені ұлттың келешегі адал еңбекке сүйенген азаматтардың қолында.
Сагинтаева Гульнар Сапаровна
Қаражал қаласының Мансап орталығының директоры