Жаңа Конституцияда еңбек адамының құқығын қорғайтын арнайы бап бар – Әбілғазы Құсайынов

Просмотров: 12

Жаңа Конституция жобасында еңбек адамдарының мүддесі мен құқығын қорғау тетіктері күшейтілген. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі Әбілғазы Құсайынов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында айтты.

 – Көптеген жұмыс беруші жекеменшік болғандықтан, табысты алдыңғы орынға қояды да, еңбек тәртібін сақтай бермейді. Соның салдарынан жалақы уақытында төленбейді, демалыс күндері қызметкерлерді жұмысқа шақыру жиілеген. Ал жыл сайынғы еңбек демалысы түрлі себеппен кейінге шегеріле береді. Бұған қоса, бүгінде біліктілікті арттыруға арналған оқу бағдарламалары да азайып барады. Бұл өз кезегінде жастардың кәсіби тұрғыда дамуына, таңдаған саласын терең меңгеруіне кедергі келтіріп отыр, – дейді ол.

Спикердің сөзінше, мұндай олқылықтардың алдын алу мақсатында жаңа Ата заңға арнайы бап енгізілген. Конституцияның 27-бабының 4-тармағында аталған мәселе жайы тайға таңба басқандай нақты жазылған.

– Аталған бапта Қазақстан азаматтарының тынығу құқығына, жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, сондай-ақ ақы төленетін еңбек демалысына заңмен кепілдік берілген. Бұл салада мемлекет нақты жауапкершілік алып, еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта еңбек қатынастары бойынша қандай да бір кемшіліктер анықталған жағдайда, Үкімет бұл мәселелерге тікелей араласып, бақылауды күшейтуі тиіс. Одан бөлек, еңбек қатынастарын реттейтін арнайы заң да бар. Егер жаңа Конституция референдум арқылы қабылданса, осы бап аясында жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды қатаңдату қажет. Еңбек заңнамасын бұзғандарға қатысты тиісті шаралар қолданылып, қажет болса іс қозғап, адал еңбекті бағаламайтын басшыларды анықтау маңызды. Бұл – қызметкерлердің құқығын қорғап, еңбек саласында әділдік орнатуға бағытталған қадам болмақ, – дейді Әбілғазы Құсайынов.

Осы ретте Әбілғазы Құсайынов еңбек адамдарының құқықтары заңмен бекітілер алдында халықаралық құқық талаптарына сай жан-жақты зерттеліп, мұқият әзірленгенін атап өтті.

– Бұл мәселе шетел тәжірибесінде әлдеқашан жан-жақты зерттелген. Мәселен, Еуропа елдерінде еңбек саласы мемлекет тарапынан да, қоғамдық бірлестіктер тарапынан да қатаң бақылауға алынған. Соның нәтижесінде еңбек адамының құқығын бұзуға жол берілмейді, ал заң талаптары мүлтіксіз орындалады. Осы орайда бізге де аталған бағытты терең зерттеп, зерделеп, нақты тетіктерді бекіту қажет. Бұл еңбек қатынастарын жетілдіріп, қызметкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді, – дейді Әбілғазы Құсайынов.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған