Жаңа Конституция жобасында әлеуметтік бағыт айқын көрініс тапқан
Бүгінде елімізде жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланып жатыр. Бұл – тек заңгерлердің немесе саясаткерлердің әңгімесі емес. Бұл – әрбір азаматқа, әрбір отбасыға, әрбір ауылға қатысты маңызды құжат. Сондықтан мұндай талқылауға халықтың белсенді араласуы – заңды құбылыс.
Біз, ауылдық деңгейде жұмыс істейтін қызметшілер, Конституциядағы өзгерістердің нақты өмірге қалай әсер ететінін жақсы түсінеміз. Себебі кез келген заң ең алдымен жергілікті жерде іске асады.
Жаңа Конституция жобасында әлеуметтік бағыттың айқын көрініс табуын ерекше атап өткім келеді. Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде бекітіп отыр. Бұл дегеніміз – мемлекет халықтың әл-ауқатын арттыруға, өмір сапасын жақсартуға міндетті деген сөз.
Ауыл үшін ең маңызды мәселелердің бірі – білім мен денсаулық. Конституцияда тегін орта білімге кепілдік берілуі, мемлекеттік оқу орындарында конкурс негізінде тегін жоғары білім алу мүмкіндігінің қарастырылуы – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бүгінде кентімізде өсіп келе жатқан жас буынның сапалы білім алып, ертең елге қызмет етуі – біздің басты мақсатымыз.
Сонымен қатар Конституция жобасында заң алдында бәрінің тең екені нақты көрсетілген. Бұл – әділ қоғамның негізі. Қарапайым тұрғын болсын, кәсіпкер болсын, мемлекеттік қызметші болсын – бәрі бірдей жауапты және бірдей қорғалған.
Жаңа жобада жергілікті басқару мәселелеріне де назар аударылған. Бұл өңірлердің дамуына серпін береді. Әрбір аймақтың, әрбір елді мекеннің өзіндік ерекшелігі бар. Сол ерекшелікті ескере отырып даму – уақыт талабы. Ауыл инфрақұрылымын жақсарту, жолдарды жөндеу, жарықтандыру, абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жаңғырту – мұның барлығы Конституцияда бекітілген әлеуметтік қағидаттардың нақты көрінісі болуға тиіс.
Құжатта азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігіне ерекше мән берілген. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық, деректердің қорғалуы, пікір алуандығы – қазіргі заман талаптарына сай нормалар. Бұл – еліміздің өркениетті, құқықтық мемлекет ретінде дамып келе жатқанын көрсетеді.
Конституция – жай ғана заңдар жиынтығы емес. Ол – мемлекет пен халық арасындағы келісім. Егер осы құжатта адам мүддесі бірінші орында тұрса, демек даму бағытымыз дұрыс деген сөз.
Бүгінгі өзгерістердің барлығы бір мақсатқа бағытталған: әділетті, қауіпсіз, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары мемлекет құру. Бұл – үлкен қалаларға ғана емес, Долинка сияқты елді мекендерге де тікелей қатысты. Болашақ – бүгін қабылданған шешімдерге байланысты.
Сондықтан жаңа Конституция жобасын қолдау – елдің тұрақты дамуын, балаларымыздың жарқын келешегін қолдау деп білемін.
Жасұлан ХАМИТОВ,
Долинка кенті әкімінің орынбасары

