Жаңа Конституция – ел болашағының берік негізі
Бүгін біз еліміздің саяси өмірінде тарихи кезеңге куә болып отырмыз. Мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа Конституция жобасы дайындалды. Бұл – ел болашағын айқындайтын, қоғамдық сенім мен тәртіпті нығайтатын аса маңызды құжат.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия 20 күнге созылған ауқымды жұмыс барысында 130 мүшеден құрылып, ел азаматтарынан түскен 10 мыңға жуық ұсынысты жан-жақты саралады. Әрбір пікір талқыланып, толық ашық форматта қаралды. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты жүзеге асқанын көрсетеді. Біз бұл реформаның шын мәнінде халықпен бірге жасалғанын көріп отырмыз.
Әскери қызметшілер үшін бұл реформа ерекше мәнге ие. Жаңа Конституция адам құқықтарын қорғауды, әлеуметтік әділеттілікті, заң үстемдігін және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық береді. Ол бізге – әскери қызметшілерге – өз міндетімізді лайықты орындауға, әскери тәртіп пен кәсіби стандарттарды сақтай отырып, қоғам алдындағы сенімді нығайтуға берік құқықтық негіз қалайды.
Жоба мемлекеттік тілде әзірленіп, әрбір норма ұлттық құқықтық санамызға сай нақтыланған. Бұл тек тіл мәселесі емес, бұл – әскери қызметте де, азаматтық өмірде де заңдылықты, әділеттілікті және айқындықты қамтамасыз ететін маңызды қадам. Әрбір бап, әрбір норма кәсібилігімізді арттырып, азаматтық жауапкершілігімізді күшейтуге бағытталған.
Жаңа Конституцияның негізгі қағидаты – «Мемлекет адам үшін». Бұл ұстаным әскери қызметшілер үшін де басшылыққа алынатын принцип. Біз ел қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, осы қағидатты жүзеге асыруымыз қажет. Әрбір әрекетіміз әділ, әрбір шешіміміз жауапты болуы тиіс. Себебі біз – елдің қорғаныс күші, қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепіліміз.
Жаңа Конституцияға қатысу – тек заңдық міндет емес, әр азаматтың ел тағдырына қосқан үлесі. Біз бұл құжаттың мәні мен рухын терең түсініп, өз қызметіміз арқылы іске асыру арқылы Отанға деген адалдығымызды дәлелдейміз. Әрқайсымыздың таңдауы – мемлекетіміздің ертеңіне қосқан нақты үлес. Сондықтан жаңа Конституцияны түсіну, қолдау және оны қызмет барысында жүзеге асыру – біздің борышымыз әрі абыройымыз.
Сакентай ШЕКАРБЕКОВ,
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы

