Қарағанды өңірінің зиялы қауымы Конституцияда мәдениеттің рөлі күшейгенін құптайды
Қарағандыда жергілікті ақын-жазушылардың және термешілердің қатысуымен Жалпыұлттық коалицияның кездесуі өтті. Жиынға 50-ге тарта адам қатысты. Талқылау тақырыбы шығармашылық мамандықтарды қолдау, тарихи салт-дәстүрлерді сақтау және ұлттық мәдени мұраларды жаңа Конституцияда бекіту мәселелері төңірегінде өрбіді.
Коалиция мүшелері зиялы қауым назарын алдағы референдумның тарихи маңыздылығына аударды. Жаңарған Ата заңдағы өзекті жаңашыл нормалар Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтауға, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, татулық пен бірлікті нығайтуға, сондай-ақ ғылым, білім, инновациялар мен зияткерлік саланың дамуын конституциялық деңгейде қолдауға бағытталғаны атап өтілді.
Өз кезегінде қатысушылар өнер адамдарының әлеуетін көрсетуге жағдай жасалып отырғанына тоқталды. Атап айтқанда, жаңа Конституцияда сөз бостандығы мен көркемөнер еркіндігіне кепілдік беріліп, зияткерлік меншік заңнамалық тұрғыда қорғалатыны айтылған. Бұл ұлттық өнерді дамытуға және оны келер ұрпаққа аманат етуге берік құқықтық негіз қалыптастырады.
Шығармашылық сала мамандарының пікірінше, жаңа кепілдіктер мен мүмкіндіктер жастар үшін өзін-өзі дамытуға және елдің мәдени өміріне белсенді қатысуына жол ашады.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституцияны қолдайтындарын айтты. 15 наурызда дауыс беру құқығын пайдаланып, мәдениетке, шығармашылық пен ұлттық құндылықтарға ерекше орын берілетін болашақты таңдауға дайын екендерін мәлімдеді.

