Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында бұған дейін де адам күйіп, іс сотқа жеткен

Просмотров: 42

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағандыдағы ферроқойтпа зауытындағы апаттан зардап шеккен 8 адамның төртеуі қайтыс болып, төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл облыста өндірістік апат болды десе, ойға бірден совет заманынан бері игеріліп жатқан шахталар оралатын әдеті бар. Олармен салыстырғанда ферроқорытпа зауыты мүлде жаңа деуге болады. Kazinform мемлекеттің ашық дерек көздеріндегі осы зауытқа иелік ететін «YDD Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі туралы мәліметтерге шолу жасады.

 

Құдандалы бизнес және Кипрмен байланыс

20 шілденің таңында болған өрттен кейін әлеуметтік желі мен БАҚ-та бұл зауыттың иесі Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің сыңары Ерлан Нығматулин екені туралы дерек қаптады.

Шынымен де шойын, болат және ферроқорытпа өндірумен айналысатын «YDD Corporation» ЖШС алғаш 2016 жылдың 11 қарашасында тіркелген кезде құрылтайшысы Ерлан Зайруллаұлы Нығматулин екені көрсетілген.

Кейін құрылтайшылар құрамы кеңейіп, бірнеше рет өзгерген. Құрылтай құжаттарына енгізілген соңғы толықтырулар мен өзгерістерге сенсек, қазір бұл кәсіпорынға үш тұлға иелік етеді. Олар: Imperiyumcy Holdings Limited, Нигматулин Ерлан Зайруллаевич және Аппаз Жармухамед Динмухаметулы (құжаттағы орфография сақталды – ред.).

Ерлан Нығматулиннің атында бұл кәсіпорыннан басқа тағы үш компания тіркелген:

  • «Asia FerroAlloys» ЖШС (бұрынғы атауы Qaz Carbon – ред.);
  • «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС;
  • «QAZ ENRICHMENT» ЖШС.

Екінші құрылтайшы Жармұхамед Аппаздың атында «YDD Corporation» ЖШС-нен бөлек, «Қазақстан коммуналдық жүйелері», «Ordabasy Group», «Жаркент Фрукт» ЖШС-лары бар.

Бұл құрылтайшының есімі былтыр күзде БАҚ-та көп тарады. 2022 жылдың 28 желтоқсанында Алматыдағы Little Brazil мейрамханасында болған төбелесте осы Жармұхамед Аппаз зардап шегушілердің бірі ретінде танылып, 7 адам 6 және 6,5 жылға сотталған еді. Солардың арасында танымал актер Асқар Жұмабек те болған. Сол кезде Жармұхамед Аппаздың миллиардер Дінмұхамет Ыдырысовтың ұлы екені мәлім болған. БАҚ бұл адамның Нұрлан Нығматулиннің құдасы екенін талай рет жазды.

Ал үшінші құрылтайшы Imperiyumcy Holdings Limited 2019 жылдың 2 қазанында Кипрде тіркелген. Сондықтан Қазақстанның мемлекеттік ашық дереккөздерінде бұл кәсіпорын туралы ресми мәлімет жоқ.

Екеудің соты

Сот дегеннен шығады, ашық дереккөздерден «YDD Corporation» ЖШС-нің қатысуымен 18 сот ісі қаралғанын көруге болады. Оның ішінде 3 іс «адам денсаулығына келтірілген зиянды өтеу» талабымен байланысты.

Үш істің екеуінде қарсы тарап – бір тұлға. Зауыт аумағындағы оқиғаның кесірінен екінші топтағы мүгедектікке душар болған жүк тиеуші «YDD Corporation» ЖШС-нен моральдік шығынның өтеуі ретінде 10 млн теңге талап етіп, сот шешімі бойынша 1,5 млн теңге өндіріп алған. Сот материалдарынан жұмыс беруші компанияның арнайы комиссиясы мүгедектікке душар еткен оқыс оқиғада жүк тиеушінің кінәсі 90 пайыз, жұмыс берушінің кінәсі 10 пайыз деп қорытынды шығарғанын көруге болады. Қарағанды қаласы Ә. Бөкейхан ауданының азаматтық соты комиссияны қорытындысын теріске шығарып, жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз деп белгілеген.

Үшінші іске келсек, «YDD Corporation» ЖШС-нен тапсырыс алған жеке кәсіпкер бояу жұмыстарына сырттан адам жалдайды. Бояушыны зауыт аумағында кен балқытатын пештің жалыны шарпып, беті мен құлағы, екі қолының білезігі, қос жауырыны, екі бөксесі күйген. Іс материалында кен балқыту пеші жұмыс істеп тұрған кезде оның маңайына бөгде адамдарды жіберу қауіпсіздік ережесіне қайшы екені айтылған. Арызданушы компаниядан күйік шалған қолын қалпына келтіру үшін Оңтүстік Кореяда пластикалық ота жасатуға 19,2 млн теңге, моральдік шығын өтеуі ретінде 100 млн теңге талап етеді. Сот Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының қорытындысын негізге алып, мұндай пластикалық отаны медициналық сақтандыру аясында жасатуға болатынын алға тартып, 19,2 млн теңге өтемақы төлеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартқан. Ал өтеуге жататын моральдік шығын көлемін 100 млн теңге емес, 2 млн теңге деп белгілеген.

Бұдан шығатын қорытынды, «YDD Corporation» зауытында 20 шілдедегі апатқа дейін де, нақты айтсақ, 2022 жылдың 12 мамырында өндіріс кезінде адамды күйік шалу фактісі тіркелген. Сол кезде сот шешіміне негіз болған қорытындыны жасаған Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының комбустиолог дәрігерлері осы жолғы апатта зардап шеккендерді емдеуге тартылып отыр.

 12 млрд теңге салық

Зауыттың ресми сайтындағы мәлімет бойынша, өнімдерін әлемнің 50 елі тұтынады. Арасында Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропа мен Америка елдері де бар. Кәсіпорын негізінен ыстыққа төзімді болат, конструкциялық болат, рессор мен серіппелер жасауға арналған болат, электр-техникалық болат сияқты шикізат түрлерін өндіреді. Соның ішінде ең көп экспортталатын өнім – болат, шойын қорытпаларын мүжілу мен тот басуға төзімді ететін ферросилиций (FeSi75). Ол конструкциялық құрылыстарда, кеме, әуе көліктерін құрастыруда, автомобиль жасауда кең қолданылады. Жыл сайын осы ферросилицидің 240 мың тоннасын өндіреді. Бұған қоса жыл сайын 10 мың тонна ферросилиций шлагын (қож), 18 мың тонна микрокремний (силикат тозаңы) шығарады.

Зауытта металл балқытып, ферроқорытпа алатын 4 пеш бар. Әрқайсысының қуаты – 85,5 мегавольт-ампер.

Statsnet.co ресурсының мәліметі бойынша, «YDD Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2016 жылдан бері бюджетке 12 млрд 388 млн 676,5 мың теңге салық төлеген. Соның ішінде 2022 жылы барынша көп салық аударған – 5,3 млрд теңгеге жуық. Ал былтыр төлеген салығының көлемі 1,9 млрд теңге ғана болған.

Мемлекеттік сатып алулар ресурсында да, «Самұрық-Қазына» қорының квазимемлекеттік сатып алулар тізбесінде де «YDD Corporation» ЖШС-нің мәліметтері табылған жоқ.

Vlast.kz ресурсында жарияланған журналистік зерттеуде Ерлан Нығматулин үш бірдей ферроқорытпа зауытын (YDD Corporation, Asia FerroAlloys, EkibastuzFerroAlloys) салуға мемлекеттен 177 млрд теңге тартқаны айтылады. Оның ішінде «YDD Corporation» ЖШС салуға мемлекеттен 36,6 млрд теңге несие бөлінген. Зерттеуде бұл зауыттардың сәтті салынып, нарыққа дендеп кіруіне «Қазақстан даму банкі» қаржылай қолдау көрсеткені туралы деректер келтірілген. Қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл институтты «таңдаулы ортаның жеке банкіне айналғанын» сынаған сәтті де еске салады.

Мұның сыртында Сыртқы істер министрлігінің салалық комитетімен жасалған келісімшарттың арқасында аталған үш зауыт кеден бажынан, импортқа қосылған құн салығынан босатылып, заттай грант алған. Автор заттай грант ретінде зауыт құрылысына қаланың өндіріс ошағына қажет инфрақұрылым сақадай сай аумағынан 126 гектар жер берілді деп топшылайды.

Еске салсақ, Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытының пешінен кенеттен жалын шығып, кәсіпорынның 8 қызметкері зардап шекті. Жазатайым оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтау үшін еңбек заңнамасы шеңберінде арнайы комиссия құрылды, оны еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Мұрат Қарақекілов басқарады. Ауруханада ауыр халде жатқан 31 жастағы қызметкер қайтыс болды. Марқұмның денесінің 80 пайыздан астамын күйік шалған. YDD Corporation қайтыс болған қызметкердің отбасына қолдау көрсетеміз деп уәде берді.

Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай кезінде зардап шеккен тағы бір қызметкер қайтыс болды. 25 жастағы жұмыскердің қаза болғанын Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

Бұдан кейін Қарағанды ауруханасында ферроқорытпа зауытында зардап шеккен тағы екі адам қаза тапты. Төрт науқас әлі де ауыр жағдайда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған