Еңбек ұжымдары Конституциялық реформаны қолдайды
Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін! жалпыұлттық коалициясының мүшелері Қарағанды облысы тұрғындарымен жаңа Конституция жобасының негізгі ерекшеліктерін кеңінен талқылады. Өңірдің түрлі алаңдарында өткен кездесулерге зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер мүшелері, еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер мен жастар белсенді қатысты.
Делегация құрамында Сенат депутаты Серік Өтешов, Мәжіліс депутаттары Бауыржан Смағұлов, Арман Қалықов, Тілектес Адамбеков, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары мен азаматтық қоғам өкілдері болды.
Алғашқы кездесулердің бірі Qarmet АҚ-ның «Тентек» шахтасында өтті. Көмір өндірісіндегі маңызды кәсіпорын ұжымымен өткен жиында еңбек және әлеуметтік құқықтарға қатысты өзгерістер жан-жақты түсіндірілді. 400-ден астам кенші қатысқан басқосуда сенатор Серік Өтешов жаңа Конституцияның тұжырымдамалық негіздеріне тоқталып, оның азаматтардың құқығы мен бостандығын күшейтуге, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға және әділ басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Коалиция мүшелері бұдан кейін әлеуметтік сала қызметкерлерімен, дәрігерлермен, педагогтармен және бюджет саласының мамандарымен кездесті. Ашық форматта өткен жиындарда қатысушылар өз сауалдарын қойып, реформалардың мазмұнына қатысты пікірлерін білдірді. Делегация өкілдері адам құқықтарын қорғау, билік институттарының ашықтығын арттыру және әлеуметтік кепілдіктерді нығайту мәселелерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде өткен кездесуге 300-ге жуық оқытушы мен студент қатысты. Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов азамат пен мемлекет міндеттері арасындағы теңгерімнің жаңа жобада нақты көрініс тапқанын айтты. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу секілді азаматтық міндеттердің Конституция мәтінінде айқындалуы қатысушылар тарапынан қолдау тапты.
Осакаров ауданындағы Мәдениет үйінде 200-ге жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бас қосты. Нұра кенті нде көпсалалы колледж ұжымы мен медицина қызметкерлерімен диалог жалғасты. Сондай-ақ «Қаратал» КМП ұжымымен кездесуде еңбек және әлеуметтік кепілдіктер мәселелері талқыланды. Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков түсіндіру жұмыстары қоғам сұранысын ескеруге мүмкіндік беретінін және ашық диалог мемлекет пен азамат арасындағы сенімді нығайтатынын атап өтті.
Коалиция өкілдері Саран қаласындағы «ТЭМПО KAZAKHSTAN» ЖШС, «Silk Road Electronics» ЖШС және «QazTehna» ЖШС ұжымдарымен, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Онда референдумға қатысудың маңызы, ашық коммуникация және нақты ақпараттың мемлекет болашағын айқындаудағы рөлі талқыланды.
Айта кетейік, аталған Жалпыұлттық коалиция 12 ақпанда құрылды. Оның құрамына бес саяси партия мен 300-ге жуық қоғамдық ұйым кіріп, шамамен 5 миллион қазақстандықты біріктіреді.

