АЭС құрылысы: Таңдауды өзіміз жасаймыз
Қалың оқырманның хабары бар, 2-қыркүйек күні ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жолдағаны мәлім.
Жолдауда: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын». Деген-ді. Содан бері елімізде АЭС салу жөніндегі ой-пікірлер толастар емес, бір тарап мұны қолдаса, екінші тарап өз қарсылықтарын білдіруде.
Осыған орай жақында қарағандылық эколог Дмитрий Калмыковтың пікірін оқыдым. Ол «Расында да, экология тұрғысынан алғанда атом энергиясы көмір, мұнай мен газдан жақсы. Ол анағұрлым таза. Алайда тіпті дамыған елдердің өзі технологиялық қиындыққа төтеп бере алмай, үрейлі апаттар болып жатады. …Айтқым келетін жалғыз нәрсе, мердігерді таңдағанда ядролық технологиялар мен көрші елдерге құрметпен қарайтын, оқ жаудырып, ядро станцияларын басып алмайтынын таңдар едім. Пәтеріңізді жөндеу қажет болса, көршілерге тап беретін, бірдеңені бүлдіріп, сындырып кететін жұмысшыларға істетпейсіз ғой, бұл да сол сияқты» дейді. Ал Сенат спикері Мәулен Әшімбаев: «Егер халық референдумға шығарылған мәселені қолдаса, елімізде атом электр стансасы ең жоғары әлемдік стандарттарға сай салынып, жабдықталады. Аталған істе адамдардың қауіпсіздігі негізгі басымдық болатыны сөзсіз» дейді.
Бұл екі көзқарасты мысал ретінде келтіріп отырғанымыз, алдағы жексенбіде, яғни 6-қазанда өтетін жалпыхалықтық референдумда таңдауды өзіміз жасаймыз. Ал сол референдумға бір кісідей, яғни жұдырықтай жұмыла қатысу – әрбіріміздің азаматтық құқығымыз, сонымен қатар ел болашағына бей-жай қарай алмайтынымыздың айғағы екенін естен шығармайық. Бұл ретте Жолдауда Мемлекет басшысы: «Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» дегенін естен шығармайық.
Руза Алдашева,
Теміртау Мәдениет
сарайының бөлім
меңгерушісі